СҚО-да Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Алаш зиялысының мерейтойына 5 мыңнан астам адам жиналды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО-да Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақ тарихында өшпес мұра қалдырып, жырларымен халықтың санасын оятқан ақиық ақынның мерейтойы кең ауқымда тойланды. Халқымыз бұл жолы да қонақжайлылығын танытып, дәстүрден айнымай киіз үй тікті. Құрылған үлкен сахнада өңір актерлері ұлы ақынның өмірін суреттейтін қойылымдар қойып, халықты тамсандырды.

Қаламгердің кіндік қаны тамған мекенге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов арнайы барып, Президенттің құттықтау хатын оқып берді.

– Мағжанды тану, Мағжанды таныту – тәрбиелік әрі тағылымдық мәні бар мәселе. Сол себепті, оның шығармашылығын терең зерделеп, жан-жақты дәріптеу керек. Артында өлмейтұғын сөз қалдырған ақынның мол әдеби мұрасы талай буынға өнеге болары сөзсіз. Оның өміршең өлеңдері халықпен бірге жасай береді! – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Қазақтың бірлігі мен Алаштың азаттығы үшін күрескен сыршыл ақынның мерейтойына шет мемлекеттен де меймандар келді. Соның бірі  күллі түркі әлеміне ортақ тұлғаның өмірі мен шығармашылығын жылдар бойы зерттеп жүрген профессор Хулия Косапоглу Ченгел.

– Мағжан – бізге ұлттық қозғалыс кезінде қолдау көрсеткен ақын. Осы себепті Мағжанды Түркия халқы Мағжанды қатты құрметтейді. Лекция оқытамыз, диссертация дайындаймыз, – деді Гази университетінің профессоры Хулия Косапоглу Ченгел (Түркия)

– Әкеммен «Сенің атаң өте адал, ақылды болған. Бірақ біз туыс екенімізді айтуға болмайды» дейтін. Ата-бабамыздың барлығы осы жақта туып-өскен.  Өз елінде 130 жылдық  мерейтойын атап өтіп жатқанына қуаныштымыз, – дейді Мағжан Жұмабаевтың ұрпағы Марат Мүслімов

Іс-шара барысында аламан бәйге ат жарысы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталды. Ал бас жүлде иегері атанған 14 жастағы алматылық шабандоз темір тұлпар иесі атанды. Сондай-ақ «Тұранның тұғырлы тұлғасы» атты халықаралық ақындар айтысының финалы да осында өтті. Бас жүлде алматылық ақынға бұйырды.

– Мағжанның тойында алған жүлденің орны бөлек. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Қолдау берген Қызылжар халқына алғыстан басқа айтарым жоқ. Жақсы күндерде жолығайық. Қазақ барда Мағжан өлмейді, қазақтың айтысы жасай берсін, – деді айтыскер ақын Шұғайып Сезімхан.

Алаш зиялысының мерейтойына 5 мыңнан астам адам жиналды. Айта кетейік, қаламгердің 130 жылдығын қарашада Түркия елінде де атап өту жоспарланып отыр.

Нұргүл Алина, Қазбек Арықбаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Новости партнеров