Шараны ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі өткізді
Бүгін елордада тұрғындар мен әскери қызметшілердің патриоттық рухын көтеру үшін плац-концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шараны ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі өткізді. Сазды гитара мен барабанды серік еткен ұжым өнерпаздарының бұл шараны өткізудегі басты мақсаты - ел рухын көтеріп, патриоттық сезімді нығайта түсу.
«Бұл концерттің негізгі мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарының патриоттық рухты дамыту. Концерт ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отыр. Біз әскери қызметші болғандықтан, әрқашан бәріне дайын тұруға тиіспіз. Осы іс-шараға дайындық бір аптаны қамтыды», - деді ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің көркемдік жетекшісі Данияр Көлжасарұлы.
Плац-концертте халық әндері мен жастар арасында кең танылған шетелдік әуендер заман ағымына сай жаңа орындауда жеткізілді. Айта кетелік, плац-концерт Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына арналды. Қала тұрғындары да көңілімізден шықты деп ризашылығын білдіруде.
«Әскерилердің киімдерінің өзі рух беріп, көңілге сенім ұялатқандай. Шараға қуаныштымыз. Тәуелсіздіміз жасай берсін! Алдағы уақытта 40, 50 жылдық сияқты мерейтойларды тойлай берейік. Алға, Қазақстан!», - деп тілек айтты қала тұрғыны Әлия Сүлеймен.
«Концерт жақсы өтті. Бәрі көңілімнен шықты. Осылай ұйымдастырыла бергені жақсы ғой. Көңіл күйің көтеріңкі болады», - дейді қала тұрғыны Досалы Мұратбайұлы.