Алматыда Жексембек Еркімбековке арналған ескерткіш тақта ашылды

20.01.2023 23:52

Ол 1976-1987 жылдары Мәдениет министрі қызметін абыроймен атқарды

Almaty.tv

Алматыда қазақ өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Жексембек Еркімбековке арналған ескерткіш тақта ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты жиынға қайраткердің жақындары, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет жанашырлары қатысты. Ескерткіш тақта профессордың 1972 жылдан бері соңғы күніне дейін тұрған үйінің іргесіне қойылды.

«Ол кісі өте бір мәдениетті, шынында да мәдениет министрі болуға лайық адам еді. Мінезі өте биязы, ешкімге қатты сөйлемейтін. Жақсы азамат болған. Жаңа Қазақстанда осы кісінің өнегесі, тазалығы балаларға, ұрпаққа өнеге бола ма деп ойлаймын», – деді Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири.

Алматы облысының Ескелді ауданында туған Жексембек Еркімбеков еңбек жолын Қазақ радио комитеті жанындағы ұлт-аспаптар оркестрінде, Құрманғазы атындағы оркестрде домбырашы болып бастаған. Кейіннен хореография училищесінің, би ансамблінің, Орталық Комитетте мәдениет бөлімінің жетекшісі болды. 1976-1987 жылдары Мәдениет министрі қызметін абыроймен атқарды. Министр болған тұсында жаңа театрлар, филармониялар, кітапханалар, мәдени орталықтар мен автомузейлер ашылды.

«Министр болған кезінде қазақ өнері мен мәдениеті ерекше дамыды. Оны бар қазақ, бүкіл Алаш жұрты біледі. Қаншама дарынды таланттардың өсуіне, мықты өнер қайраткерлерінің жұздызы жануына жол ашты. Ең алдымен ол өте адал адам болатын», – деді ақын Әміре Әрін.