Бүгінде газеттің тиражы 200 мыңға жеткен
Атаулы датаға орай, еліміздің бас басылымының құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Одан бөлек, бір ғасырлық тарихы бар газетке арналып Ұлттық кітапханада «100 жыл-100 газет» атты кең көлемді көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ең алғаш рет «Егемен Қазақстан» басылымы 1919 жылы «Ұшқын» деген атпен оқырмандардың қолына тиген еді. Содан бергі ғасырға жуық уақыт ішінде бірнеше мәрте аты ауысқанымен мазмұны, бағыт-бағдары өзгермеген. Уақыт талабына қарай жаңарып, заманауи негізде жұмыс істеп келеді.
«Тарихы терең, таралымы кең басылымға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Отанымыздың бас газеті» деген лайықты бағасын берсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының күнделікті шолу жасайтын газеттерінің арасында аға басылым көш басында тұр. Бір кездері Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Мұхтар Әуезов сияқты Алаш арыстары тізгінін ұстаған басылым күні бүгінге дейін өзінің бағыт-бағдарын мемлекет мүддесіне, ел игілігіне арнап келеді», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Алғашқы тарихынан бастап басылымда қазақ ұлтының ірі мемлекет қайраткерлері мен көрнекті қаламгерлері газетке басшылық етті, өздерінің шығармаларын жариялады. Жаңа дәуірде «Егемен Қазақстанды» Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Сауытбек Әбдірахманов сияқты тұлғалар басқарды
«Ең алғашқы санына қазақтың жас кеткен дүниеден Бернияз Күлеев өлеңінің шығуы бірте-бірте біздің ақындар мен ұлы тізгінімізді ұстаған Әлекеңдер бастаған, Сәкен ағаларымыз бастаған бәрі түгел осы газетте әр кезеңде, әр түрлі дәуірлерде жинақталған болатын. Бұл не деген сөз? Бұл ұлттың рухын көтеру үшін, бағытын анықтау үшін жалпы ақ болып, қызыл болып, сонан кейін әр түрлі ағымдар аласапыран болып жатқан кезеңде халықты біртұтас, бір тудың астына жинау үшін еңбек еткен», - деді «Еgemen qazaqstan» республикалық газеті» АҚ бас редакторы (10.1993-07.1996) Нұрлан ОРАЗАЛИН.
Мерей той аясында ұлттық кітапханада «Ұшқыннан басталған Egemen Qazaqstan» шарасы өтті. Оған еліміздің бас басылымында қызмет еткен азаматтар түгел қатысып, газеттің ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Олар арнайы төсбелгімен марапатталып, алғыс хаттар табысталды. Одан бөлек, арнайы 5 томдық кітабының тұсаукесері өтті.
«Egemen Qazaqstan» да қазақтың алғашқы ағартушыларының бірі деуге әбден лайық. Бұны «Ұшқыннан» бастады деп жүреді. «Ұшқын» емес бұның түптегі сонау Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов шығарған қазақ газеті. Бұл өмірге келгеннен бастап толық қазақ газетінің ұстанған бағытынан айнымай қазақ үшін, халық үшін қызмет еткен газет», - деді «Egemen qazaqstan» республикалық газеті» АҚ ардагері, жазушы Сарбас АҚТАЕВ.
Қазақ басылымдарының қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Ол Гоголь және Зенков көшелірінің қиылысындағы ғимаратқа қойылды. Айта кету керек, дәл осы ғимаратта газет редакциясы 1987 жылдан бастап 12 жыл бойы шығып тұрған.
«Басылым ұжымы біздің Алматымызға 1929 жылы Қызылордадан толық көшіп келді. Содан бастап, 70 жылдай басылымның редакциясы біздің алып шаһарымызда орналасып, жұмыс істеген. Сондықтан, Алматы төрінде осынау ескерткіш-тақтаның ашылуы - тарихи заңдылық қана емес, азаматтық парызымыздың дәлелі. Бүгінгі ескерткіш-тақта арқылы Алматы шаһарының келбетіне тағы бір келісті бояу қосылды деп есептейміз», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан БАБАҚҰМАРОВ.
«Егемен Қазақстан газетінде 100 ден астам адам еңбек етеді. Басылымның барлық облыс орталықтарында және Польша, Түркия және Оңтүстік Кореяда меншікті тілшілері бар. Бүгінде Егеменнің тиражы 200 мыңға жеткен», - деді «Еgemen qazaqstan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан ҚЫДЫРӘЛІ.
Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы