Алматыда ашық аспан астында кітап жәрмеңкесі өтеді

28.05.2022 00:00

Іс-шара Ш. Уәлиханов атындағы алаңда 28-30 мамыр аралығында ұйымдастырылады

Almaty.tv

Алматыда бұрын соңды болмаған кітап жәрмеңкесі өтеді. Іс-шара тұңғыш рет ашық аспан астында, Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда 28-30 мамыр аралығында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алдағы 3 күнде Алматыда бұған дейін болмаған ауқымды кітап жәрмеңкесі өтпек. Ғылым ордасының алдында ұйымдастырылатын іс -шарада кітапсүйер қауымға 60-тан аса отандық баспа өнімі ұсынылады. Бұл кітаптарын сата алмай не дүкенге өткізе алмай жүрген баспаргерлер үшін мол мүмкіндік болмақ.

«Дәстүрлі жәрмеңкеге айналдырғымыз келеді. Еліміздегі баспагерлерге, баспаларға, авторларға мемлекет тарапынан көрсетілген көмек деп есептеуге болады. Іс-шарада  баспаларға тегін шатыр, орын беріледі», – деді ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов.

Студенттер мен оқушыларға жеңілдік жасалады. Тіпті, кітаптарын тегін тарататын баспалар да қатысады. Балаларына қазақтілді кітап іздейтін ата-аналар үшін де базарлық бар. Балалар оқулықтарына арнайы шатыр тігілмек. Кітап жәрмеңкесіне шетелдік баспагерлер мен арнайы делегацияға қатысады.

«Көрші ел қырғызстандық ақын Қиялбек Орманбеков, Алматыдағы Любовь Шишкова өлеңдерін оқиды», – деді ҚР Ұлттық  мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Сәлменбаева.

Бұдан бөлек белгілі ақын-жазушылар кітабының тұсаукесері, кітап мәселесі, болашағын, баспагерлердің мәселесін талқылайтын дөңгелек үстел өтеді. Сол күні поэзия кештері ұйымдастырылады. Ақын-жазушылар кітапсүйер қауымға жыр оқып, оқырманмен тілдеседі.  Әр авторға арнайы орын бөлініп, сол жерде өз қолтаңбасын беріп, кітабын сатуға мүмкіндік туады.

«Жетісу қызғалдақтары» дейтін атпен Жетісудан шыққан қазақтың ғажайып қыздары сол күні өздерінің өнерін көрсетеді. Әдемі бір жыр кеші болады. Қазақтың ғажайып ақындары жырдан шашу шашады деп жоспарлап отырмыз», – деді ақын, ҚР Ұлттық  мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Маралтай Ыбыраев.

Жәрмеңкедегі қызықтар мұнымен аяқталмайды. Келушілер Алтын қордағы 19-20 ғасырдың басында шыққан сирек кездесетін кітаптарды тамашалай алады. Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынұлы сияқты ұлылардың еңбектерін түпнұсқасында көре алады.

«Осы жерде кітап мәдениетін қалыптастыру, жасөспірімдерге кітап сүюді үйрету жәрмеңке аясында кеңінен насихатталатын болады. 3 күнге жоспарланған Алматы кітап жәрмеңкесіне біз сіздерді шақырамыз. Жәрмеңкені бізбен бірге өткізіңіздер», – деді Мәдениет басқармасы тарихи-мәдени мұра бөлімінің маманы Зада Арынова.

Жәрмеңке еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

Назкен Еркін, Қасымхан Бекен, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы