Бүгін Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Өлмес өлең қалдырып, қара сөздің қасиетін ұлықтаған ақын көзі тірі болса, 92 жасқа келер еді. Тірісінде, тағдырдың тауқыметін талай тартып, лайық бағасын алмаған ақын қазір поэзияның Мұзбалағына, өлең-сөздің Хантәңіріне айналды. Алыстаған сайын биіктей беретін бейнені бүгін «Алматы» телеарнасы да еске алды.
Мұқағали дегенде айтылар алапат жыр, аңыз әңгіме бітпейді. Бірақ бәрінің ішінде шоқтығы биігі – «Хантәңірі, қайдасың?»
Ақын өмірден өткенде басына өлеңнен құлпытас орнатқан рухани інісі Еркін еді. Оның жазған дастаны Мақатаев өмірінің суреткері. Заманында бір ауылда өсіп, бір шалғынды кешкен Еркін мен Мұқағали ел ішінде Қарасаздың қос құлынындай қатар жүріп, қатар өсті. Өлең өмірге бірге келді.
Қос ақынның биіктігі олардың бір-бірін демеуінен, бір-біріне деген көмегінен аңғарылады. Пенделіктен ада азаматтардың бүгінде ұрпағы бар, әке жолын жалғаған ұл Мұқағали ке(лі)п байлап кеткен галстугын мақтан тұтады, ақын ілтипатына бөленгенін бақыт санайды.
«Мен Мұқағалиді еміс-еміс білемін. Сол 1973 жылдары ме екен, әйтеуір үйге келді. Алпамсадай, сондай үлкен, еңгезердей кісі. Сонда әкем «Міне, Мұқағали деген әкең! Ерлан, танып ал» деді. Ол кісі мені құшағына қысып, «Баяғыда аяғына галстук байлаған осы бала ма?» деп мейірленіп, алдына алып, еркелеткені бар», – деді Еркін Ібітановтың ұлы Ерлан Ібітанов.
«Мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтың туысымын да» деп күнделігіне жазған сөзі де айнымай келді. Ақынның ғұмыр тарихын қалың қазақ онсыз да артық біледі.
Оның өлеңі жүрек пернесін дөп басатындығымен, адами сезімді анық танитындығымен ерекше. Сондықтан жыры әлі де талайдың жаттап, мақтан тұтатын құндылығына айналады.