Жиырмаға жуық өнерпаз жиналған жұртты тәнті етті
Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінде №55 қалалық жас музыканттар байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс-шарада қалалық кезеңнен топ жарған оқушылар мен үздік деп танылған тәлімгерлер анықталды. «Жиырмаға жуық өнерпаздың ішінде 50-ге тарта күйді шертіп, әуелетіп ән айтатындар, мың бұралып билейтіндер де баршылық» дейді ұйымдастырушылар.
«Байқауымыздың ең негізгі мақсаты - қатысушыларымыздың қаншалықты талантты екенін анықтау болды. Оның үстіне өнерлі балалардың ел алдына шығып, көпшілікке концерт қоюы да олардың шабытын шыңдай түседі», - деді М.Төлебаев атындағы музыка мектебінің директоры Сергей Романов.
Жас өнерпаздардың арасынан Нұрлан Мұратұлы үздік деп танылып, Республикалық байқауға жолдама алды. Оның ендігі арманы бұдан да үлкен жарыстарда топ жарып, елімізге танымал күйші болу.
«Мен қазіргі таңда 30-дан аса күйді білемін. Апайларыма алғысымды айтамын. Себебі олар мені әрі қарай шабыттандырып, жүлделі орын алуыма себепші болды», - деді жас күйші Нұрлан Мұратұлы.