|
19.12.2019 | 19:04
2340

Алматыда «ҚЫРАН-2019» республикалық құсбегілер турнирі өтеді

Республикалық турнирге Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Алматы секілді 8 облыстан және Алматы, Астана қаласынан 80-ге жуық құсбегі қатысады

Алматыда 20-22 желтоқсан аралығында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласында қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және «Жастар жылына» орай, «ҚЫРАН-2019»  турнирі өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүркіт салып, саят құру – ертеден қалыптасқан дәстүр, ұлттық мәдениет. Қазақ тарихында саятшылық өнердің Арқа, Жетісу, Тарбағатай, Еренқабырға, Боғда, Алтай-Сауыр  секілді бірнеше мектебі бар. Ел аузында «Тінейдегі қасиет-ұялас екен Сарықұспен, Шорадағы қасиет тілдес екен бар құспен» деген сөз орамы бар. Қазақта қыранның тілін білген бабын тапқан құсбегілер жетіп-артылады.  

1988 жылы Алматының Орталық стадионында тұңғыш рет қазақ құсбегілерімен қатар,  көршілес қырғыз, түркімендер қатысқан Халықаралық бүркітшілер фестивалі ал, 1989, 1990 жылдары Наурыз  мейрамы аясында Алматы ипподромында бүркітшілердің республикалық  сайысы өтіп еді. Содан 30  жыл өткен соң Алматы қаласының аспанында биыл үшінші жыл  киелі қыранның самғауын халқымыз тамашалай алатын мүмкіндікке ие болғалы отыр.

Республикалық турнирге Ақмола,  Атырау, Шығыс Қазақстан,  Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Алматы секілді 8 облыстан және  Алматы, Астана қаласынан 80-ге жуық құсбегі қатысады.

Жарыс екі кезеңнен: құстың сыны, құсбегінің киім үлгісі,  құсты ат үстінен қолға шақыру, еркін ұшыру, шырға тарту (бірінші кезең) аяқталып, іріктелген  бүркіттер – екінші күні жартылай финалдық кезеңде қоянға, ал, ителгі, қаршығалар қолға шақыру, далбайға шақыру, кептер, қырғауылға салу, тазыларды курсингке жүгіртіп, жылдамдығын анықтау жоспарланып отыр. Үшінші күні финал- бүркіттер түлкіге салынса, қаршыға мен ителгілер қоянға жіберіледі. Сонымен қатар, аңшы иттер(тазы) жарысында дала қояны, түлкіге салу  өтеді.

Турнир  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, «Қыран Федерациясы», «Қансонар» аңшылық бірлестіктер  және аңшылық шаруашылық субьектілері республикалық Қауымдастығы  бекіткен Регламентке сәйкес өткізіледі.

Жарыстың жеңімпаздары ұйымдастыру комитеті тағайындаған сыйлықтар және дипломдармен марапатталады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир