Одаққа мүше қаламгерлер саны 970 адамға жеткен
Қазақ әдебиетін әлемдік нарыққа шығаруда білек сыбана жұмыс істеуіміз керек. Бұл – жазушы Дулат Исабековтың пікірі. Оның айтуынша, қаламгерлер еңбегін шетелге таныту үшін Одаққа бірнеше тілді меңгерген жастарды тарту керек.
– Біздің Жазушылар одағындағы 3 бөлімді күшейтуіміз керек. Бірі - проза, бірі - поэзия. Үшіншісі - аударма. Негізгісі аударма болып қалуы мүмкін. Аударма секциясын күшейтуіміз керек. Оны қалай күшейтеміз? Ол үшін ағылшын, араб, басқа да тілді меңгерген менеджер керек, – деді Қазақстанның Еңбек ері Дулат Исабеков.
Осыдан 3 күн бұрын Алматыда Жазушылар одағының XVI құрылтайы өтіп, жаңа төраға сайланған болатын. Басқарма мүшелері бірауыздан Мереке Құлкеновтің кандидатурасын қолдады. Қазір одаққа мүше қаламгерлер саны 970 адамға жеткен. Бүгінде еліміздің әр өңірінде филиалы жұмыс істейді. Бұл ретте жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай Жазушылар одағының жұмысын жаңғырту үшін елімізде әдеби агенттік құру керек екенін айтты.
– Әдеби агент – жазушы мен баспаның арасындағы дәнекер болатын мамандық. Сондай агенттіктермен байланыс орнату керек. Керек десеңіз, соларға қаржы төлейік. Кәсіби деңгейі жоғары, беделі күшті агенттік Қазақстан Жазушылар одағында қажет. Штаттан тыс кеңесші ретінде қажет деп ойлаймын, – деді жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай.
Сонымен қатар, жазушылар Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалар жайында да пікір қосты. Мәселен, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» құру реформасы нәтиже бере бастады дейді. Қаламгерлердің сөзінше халықтың бірлігі нығайып, қоғам көзқарасы өзгеріп келеді, жаңа институттар пайда болып, әлем назары ауа бастағаны жасырын емес. Енді де зиялы қауым өкілдері Президент реформаларының жүзеге асып, елдегі әлеуметтік ахуалдың жақсаруына сүбелі үлес қосуға дайын екенін жеткізді.