Дирижер, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіков 70 жасқа толды
Дирижерлық – екінің бірі меңгере алмайтын элита мамандық. Қазақ музыкасында сүрлеуін Ахмет Жұбанов пен Нұрғиса Тілендиев салып кеткен саф өнердің бүгінгі иесі 70-ке толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалғасбек Бегендіков. Шығармашылықтағы 40 жылын қос оркестрдің қарыштап дамуына, шәкірттерінің шыңдалуына арнаған дирижер күні кеше ел алдында есеп беріп, концерт қойды. Тілендиев құрған «Отырар сазы» мен Қажығалиевтан қалған «Құрманғазы» оркестрінің бүгінгі дирижерін біз сырттай ұзақ бақыладық. Оның болмыс-бітімі де, мамандығы да әр дыбысты назардан тыс қалдырмауды мақсат етеді, әр аспапты өз тілінде сөйлетуге баулиды. Өйткені, оның өнері тыңдарманның шығарманы терең түсінуіне, музыканы саф алтындай таза жеткізуге тікелей сеп болады.
– Музыка басталып кеткеннен кейін залда жүз адам отыр ма, мың адам отыр ма немесе басқа жағдай ма, оған көңіл бөлмейсің. Музыканы жақсылап шығаруың керек болады. Сол себептен, музыкаға шомыласың, мұхитында жүзесің, – деді дирижер, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіков.
Бегендіковтің даралығы – қазақтың кәсіби дирижерлық мектебінен сабақ алуында. Ол өнердегі жолын Шамғон Қажығалиевтің бағыт беруімен бастады. Оның тәлімін бойға сіңірді, ізін жалғады. Ал бертін келе талантты дирижерды Нұрғиса Тілендиев өзіне шақырады. Дара тұлғаның жанында өткен сол 5 жыл жас маманды оранжировка, шығармаға трактовка жасау мен музыканы оркестрге лайықтауға үйретеді. Тілендиевтің тәлімімен, ұстазы өмірден өткенде Бегендіков «Отырар сазын» 7 жыл басқарады.
– Өзбек халқында «Ұстаз – әкеңнен ұлы» деген сөз бар. Шынында да солай. Жалғасбек – сондай ұлы адамдардың көзін көріп, сабақ алғандығымен асқақ. Оның тұла бойынан сол асқақтық, алдыңғы буынның тәлімі байқалып тұрады. Тілендиевтің даралығы, Қажығалиевтің қайсарлығы Бегендіковке берілгендей көрінеді, – деді Өзбекстанның халық әртісі Фарух Садыков.
Бүгінде 70-ке келген кейіпкеріміздің өнерге жаңа келген тұсында профессор Ғазиз Дугашев: «Бегендіковке дирижерлық қабілетті табиғат тарту еткен. Оған осы бағытты ұстап, жалықпай іздену керек» депті. Бағдарынан жаңылмаған бала шәкірттің өзі де қазір ұлағатты ұстаздық қызметте.
– Бір кезде дайындығымыз аздау болды. Сондай кезде ағаның іштен ұратын әдеті бар еді. «Еңсеңді көтеріп, тік тұр. Сен – дирижерсің, тұлғасың. Алдыңда 80-100 адам отырады» деп әрдайым ақылын айтып жүреді, – деді Ж. Бегендіковтің шәкірті Жамбыл Мейірбеков.
Терең ойды, сезімталдықты қажет ететін бұл мамандық әлбетте, шығармашылық тұрғыда шыңдалуға, рухани өсуге бейім. Дирижер мұндай әсерді көрермен ықыласына бөленіп, композицияға жетекшілік еткенде айрықша сезінетінін айтады. Ал оның сағынатыны – гастроль.
– Бір кездері керемет гастроль болды. Ол кезде 40 күннен аса шетелде жүретін едік. Бір қажеттілік сияқты сезіліп тұрады. Ол тек қана менде емес, біздің оркестр, әртістерде қиындау болса да, шалғайға кетсек те сол гастрольді сағынып тұрамыз, – деді Жалғасбек Бегендіков.
70 жылдық ғұмырының жартысынан көбін өнер мен шәкірт тәрбиесіне арнаған Бегендіковтің айтуынша, әлі де атқарылмаған ісім көп. Ал оның басты миссиясы – әсем әуенді аспапқа қондыру, көпшілікті көркем өнерге еліту, оркестрді ерту.
Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» теларнасы