Еңбек Қазақ радиосының 100 жылдығы мен «Шалқар» радиосының 55 жылдығы аясында жарыққа шықты
Қазақ радиосының 100 жылдығы мен «Шалқар» радиосының 55 жылдығы аясында ардагер журналист Алтын Иманбаеваның жаңа кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Журналистің «Ғасыр құрдасы – Қазақ радиосы» атты 2 томдық еңбегінің салтанатты түрде тұсаукесері өтіп, оқырманға жол тартты. Жаңа жинаққа қазақ журналистикасының дамуына үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдырған тұлғалар туралы тың деректер енді.
«Бүгінгі жастар бұдан 100, 90, 80 жыл бұрын өмірден өтіп кеткен аға-апаларымызды біле бермейді. Соларды білсін, жастарға бір ұлағат болсын, көңілдеріне медеу, жұмысына көмек болсын деген ниетпен сол адамдардың өздері жазған мақалаларын бердік, сондай-ақ сол кісілер туралы жазған естеліктердің бәрін толықтырдым», – дейді журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева.
Іс-шарада бас қосқан ардагер журналистер жаңа кітапты жоғары бағалап, авторға шығармашылық табыстар тіледі. Ал олардың ізін жалғап келе жатқандардың сөзінше, Алтын Иманбаеваның жаңа кітабы жас маман үшін таптырмас оқу құралы болмақ.
«Журналистика факультетінде оқитын жастарға, менің ойымша, үлкен таптырмайтын құрал болмақ. Радионың ішкі өмірі, ел біле бермейтін шеберханасы, соның бәрі жаңа жинақта баяндалады. Сондықтан, әлбетте, мұны методикалық құрал ретінде қолдануға болады», – деді «Қазақ радиолары» ЖШС директоры Ернұр Бурахан.