«Асан» көркем фильмі және «Ата кәсіп» деректі фильмі бұған дейін де жүлдеге ілінген
Қазақстандық режиссер Берік Жахановтың екі бірдей фильмі Қазан қаласындағы кинофестивальге қатысады дка хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Нақтырақ айтсақ, қысқаметражды «Асан» көркем фильмі және «Ата кәсіп» деректі фильмі осы айдың 24-і мен 30-ы аралығында Татарстанның астанасында өтетін XV-ші халықаралық мұсылман киносы фестивалінің байқауында бақ сынайды.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм»-нің қолдауымен түсірілген бұл туындылар не туралы? Бұған дейін де жүлделі орын алып келген фильмдердің бұл жолы асығы алшысынан түсе ме? Бұл сұрақтарға жауапты кинотанушы Баубек Нөгербек берді.
- Осы айдың 24-і мен 30-ы аралығында сіз түсірген екі бірдей фильм Қазан қаласындағы кинофестивальге қатысады екен. Осы екі туындыға тоқталсаңыз, фильмдердің тақырыбын қаншалық аша алдым деп ойлайсыз?
- Берік Жаханов есімді жас режиссердің екі бірдей фильмі фестивальге қатысуы үлкен жетістік. «Ата кәсіп» - деректі фильм, «Асан» - қысқа метражды көркем фильм.
«Асан» фильміне тоқталсам, бұл картинада жасөспірім бала қайтыс болған әкесін ақтық сапарға шығарып салады да, өзі де жолға шығады. Фильмнің оқиға желісі сол жолда өтеді. Фильм барысында кейпікердің ішкі күйзелісін, сезімдерін көркемдік құралдар арқылы шебер көрсеткен.
Ал, «Ата кәсіп» деректі фильмінің кейіпкері шынайы өмірден алынған. Ол Қызылорда облысының тұрғыны, ұлты өзбек, өзі ұста, шебер. Бұл фильм толығымен бақылау арқылы түсірілген. Оның бесікті жасау әдістері, жұмыс істеу тәсілдері, камераның бақылауымен назарға алынған.
- «Асан» көркем фильмі және «Ата кәсіп» деректі фильмі бұған дейін де сан мәрте түрлі байқауларға ұсынылып келген екен. Нәтижесі қандай болды? Және осы жолғы додадан не күтесіз? Бәсекелес болатын фильмдермен таныссыз ба? Олар туралы не дейсіз?
- «Асан» фильмін бірнеше рет көргенмін. Оның жүлде алуға мүмкіндіктері мол. Себебі, бұл шағын ғана фильмнің ішінде терең ой жатыр. Көркемдік шешімі тиянақты түсіріліген. Операторлық жұмысы, актерлық сомдауы – бәрі шынайы, тақырыпқа сай. Бұл фильм Әзірбайжан астанасы Баку қаласында өткен фетивальде жүлдеге ие болған. Сондай-ақ, Екатеринбург қаласында жүлделі орындар алған. Мен ойлаймын, Татарстанда осы жүлделі тізбекті жалғастырады деп. Ал, «Ата кәсіп» деректі фильмі халықаралық деңгейде өткен фестивальде бас жүлдені алған.
- Бүгінде жұрт қысқа жазылған цитатаны, бас-аяғы бар, толық түсінікті туындыларды жақсы қабылдайды. Осы ретте, аз хронометражға мағынасы терең туындыны түсірудің артында үлкен еңбек бар. Ат салысқандар туралы айтсаңыз... Жұмыс тобында кімдер бар? Фильмдегі кейіпкерлерге қандай баға бересіз? Ондағы актерлардың сөз саптауы қаншалықты қарапайым?
- «Асан» фильмініндегі басты рөлді мектеп оқушысы сомдаған. Ол әрине, кәсіби актер емес. Бірақ, режиссер қойған міндеттердің бәрін алып шықты деуге болады. Оның жасы шамамен 15-16-да. Фильмде баланың сөзі көп те емес. Анасы сөйлейді. Бас кейіпкер – Асанның өзі тұйық.
- «Асан» болсын, «Ата кәсіп» болсын, алдағы Қазан қаласында өтетін кинофестивальде жүлделі орын алуына тілектеспіз. Сұхбатыңызға рахмет!
Айта кету керек, кинотанушы Баубек Нөгербек қысқаметражды фильмдерді прокатқа шығару оңай емес екенін де айтқан еді. Енді екі фильмнің бірі алдағы байқауда оза шапса, көрермендер туындылармен интернет арқылы таныса алады.