Түркі халықтарының бірінші құрылтайында көтерілген мәселе, алаштықтар айтқан ақыл, ой-пікірлер кітап болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осыдан бір ғасырдай бұрын түркі халықтарының руханияты мен болашағы үшін өткен тарихи жиын 1926 жылы Бакуде болған еді. Сол кезде қазақ елінен барған ағартушы көсемдер екі түрлі пікірді ұстанған. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ғалымдар бүкіл түркі жұртына ортақ араб әліпбиі болсын десе, Нәзір Төреқұлов бастаған екінші топ түркі халықтарының бір-бірінен ажырап кетпеуі үшін латын графикасына көшу керек деген пікірді айтқан. Сол кезде көтерілген мәселелер әлі күнге күн тәртібінен түскен жоқ дейді кітаптың тұсаукесеріне келген ғалымдар.
«Түркі халықтары қайтсе бірігуі керек? Бірігудің негізі осы әліпбиде жатыр. Ұлттық тілде жатыр. Әліпби бір болса түркі халықтарының ортақ тілі, руханияты сақталады деген пікір өлген жоқ. Түркі халықтары 90-шы жылдары өз тәуелсіздігін алды. Сол кезде осы мәселе күн тәртібіне қайтадан шыққан болатын», – деді филология ғылымдарының докторы Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ.