Елордадағы көрмеде Болған ананың жаңғыртылған бейнесі қойылды

12.02.2022 00:42

Іс-шара Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы аясында өтті

Almaty.tv

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейде Ұлытау өңірінен әкелінген Болған ананың жаңғыртылған бейнесі және басқа да жәдігерлер қойылған көрме ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

       

Іс-шара Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы аясында өтті. Тарихи деректерге сүйенсек, Болған ана Жошы ханның немересі, ал басқа деректе немере келіні деп көрсетілген. Бірақ белгілісі, Болған ана Шыңғысхан әулетінен дейді мамандар.  

«Бүгінгі көрменің өтіп жатқаны, әрине, бәрімізге үлкен мәртебе. Неге десеңіздер, біз өз тарихымызды кеңінен біліп, жалпақ жұртқа паш етіп жүруіміз керек. Сарыарқа төрінде еңбет етіп жатқан керемет археологтар, ғалымдар бар. Соларға көп рахмет айтамыз», - деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

2018 жылы бұл еркерткішке кешенді ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу басталған. Зерттеу барысында кесенеде сән-салтанатымен жерленген 35-40 жас шамасындағы әйел адам екені анықталған. Сол жерлеу орнынан бағалы матадан тігілген шапаны, алтын тостағы мен сырғалары, айнасы және аяқ жағына қойылған ер-тұрманы табылыпты.   

«Осы мазардан қазба жұмыстары жүргізілді. Тостаған табылды. Әйел адамның киген киімі, ұстаған дүниесі оның ішінде пышағы, айнасы, ертоқымы, етігі бар. Үстіне киген халатының, бас киімнің қалдықтары табылды. Бұл өз алдына зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Енді осының бәрін ең бастысы, халыққа таныстыру керек», - деді Қарағанды облыстық тарихи өлкетану музейінің директоры Ержан Нұрмағамбетов.