Абай 175 жыл: «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы сахналанды

17.12.2020 00:43

Қойылымда хакімнің ел ісіне ден қоя бастаған кезеңі суреттеледі

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, «Абай-Тоғжан»  музыкалық  драмасы  сахналанды. Қойылымда хакімнің ел ісіне ден қоя бастаған кезеңі суреттеледі. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас баяндайды.

«Тәңірімнің әміріне қайранмын, біреу едім, екі Абайға айналдым». Осылай деп ақын сезімін, оның ішкі жай-күйін жеткізе білген қойылым көрерменге жол тартты. Спектакль Абай мен Тоғжан арасындағы махаббатқа негізделгенімен, қоғамдағы қайшылықты көрсетеді. Бір ерекшелігі, драма поэзия тілінде жазылып, көркем сахналанды.

«Әр уақытта бір жақсы заттың адамның жүрегіне қонатыны қуантады мынау өнерде. Абайдың сөздеріменен, әндеріменен, оқиғасыменен, махаббатыменен, сондай...  дәмді спектакль шыққан екен. Балаларды құттықтадым», – деді КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов.

«Енді жаңа айттым ғой шет-жағасын, енді жиырма жылдан кейін қайтадан Абайдың жаңағы жүрегі жүріп, Құдайға шүкір, халқымен жүздесті. Анау-мынау емес, өзінің 175 жылында. Сондықтан да мың да бір тәубе жасаймын», – деді ақын, драматург Исраил Сапарбай.

«Абайдың әні мен жыры, Абайдың керемет әлемі – бұл қашан да қазақ үшін құнды екені талассыз дүние ғой. Сондықтан енді мұның бағасын көрермен береді. Автор әйтеуір ойымнан шықты, көңілімнен шықты деп жатыр. Сондықтан біздің енді мақсатымыз – мүддеміз көрерменнің көкейінде, көңілінде бір көркем әлем қалыптастыратын,талғам мен тәлім қалыптастыратын жақсы дүниелерді сахнаға алып шығу», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының көркемдік жетекшісі Ерлан Біләл.

Атаулы музыкалық драмада дәстүрлі әнмен қатар, Абай әндері де қоса өріліп, қойылымның сырлы мазмұны, дәуір тынысы баяндалды. Абай Құнанбайұлының қилы тағдыры көрсетілген спектакльге әртістер 6 ай дайындалған.

«Әкесінің енді ғана топқа салған кезі, енді ғана дауға салған кезі деп, өзіміз іштей сеніп соған, сөйтіп осы бір бейнені шығардық. Енді бір, Абайды толық сомдап шықтым деп айту, әрине, ағаттық болатын шығар», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының актері Әсет Есжан.

«Өте қиын болды, оңай болған жоқ. Енді бүгін барлығы да сәтті болды деп ойлаймыз. Оны енді көрермендер өзінің бағасын бере жатыр», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының актрисасы Жанерке Дүйсембиева.

Айта кетейік, көптің көңілінен шыққан музыкалық драманы 17 желтоқсан «Алатау» дәстүрлі өнер театрында тамашалай аласыздар.

Мадина Оқас, Рашид Шукуралиев, «Алматы» телеарнасы