|
26.05.2020 | 22:25
12328

Ажар Жандосова нағашы атасы Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы қалай сақталып қалғанын айтты

Ораз Жандосов пен Ілияс Жансүгіровтің ортақ немересі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған аталары туралы естеліктерін айтып берді

Ажар Жандосова нағашы атасы Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы қалай сақталып қалғанын айтты almaty.tv

Ораз Жандосов пен Ілияс Жансүгіровтің ортақ немересі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған аталары туралы естеліктерін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кезінде «әлеуметтік қауіпті элемент» саналған зиялы қауымның тікелей ұрпағы Ажар Жандосова Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы қалай сақталып қалғанын баяндады.

Ілияс Жансүгіровтың қызы Ильфа әкесі сотталып, абақтыға қамалған сәтте небәрі 2 жарым-үш жасар болған. Әкесі есінде қалмаған. Ильфа апаның сөзінше, Ілияс туралы тың деректердің көбінің сақталып қалуына анасы Фатима сеп болған. Ал мына бір жалғыз сурет Ильфа анамыз үшін өте ыстық. Фотода кішкентай Ильфаны қолына алған Ілияс Жансүгіров бейнеленген. Әкесінің «халық жауы» болып атылып кеткенін және жалпы кім болғанын еш білмеген.  

«Ол заманда қазақ оқымыстыларының атын атауға тыйым салынды. 1937 жылы оны тұтқындап әкетті. Тек 20 жылдан кейін ғана 1957 жылы білдім. Сол жылы ақталды. Менің әкеммен бірге Сәкен Сейфуллинді, Бейімбет Майлинді де ақтады. Ол кезде мен 22-де едім. Ақталған соң зерттеп анықтауға тырыстым», – деді Ілияс Жансүгіровтің қызы Ильфа ЖАНСҮГІРОВА.

Әкесі атылғаннан кейін текті ұлдардың ұрпақтары Семейге айдалды. Ол жақта екі жылдай тұрып қайта Алматыға оралады. Бірақ екінші дүниежүзілік соғыс басталып ақынның жанұясы Оңтүстік өңірге қарай ауысады. Кейін Ильфа анамыз қазақтың мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың ұлы Санжармен кезігіп, отбасын құрады. Ал Ажар Жандосова нағашы атасы Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы тар қапастан қалай сақталып қалғанын айтып берді.

«Атамның «Құлагер» поэмасын сол кездегі халық ішкі істер комиссариатының қызмет еткен тергеуші сақтап алып қалыпты. Әрине, барлық құжаттардың барлығы тәркіленіп, жойылып кетті. Бірақ ол Ілияс Жансүгіровтің бұл шығармасын жасырып қалған. Демек маңызды тұлға екенін сезген болып тұр ғой. Тіпті ол қолжазбаны жастықтың ішіне салып тығып ұстаған», – деді Ілияс Жансүгіровтің жиен немересі Ажар ЖАНДОСОВА.

Қазақ зиялыларын зерттеп жүрген алаштанушы Ілияс Жансүгіровтің Мәскеу-Петербор архивінен 18 кітабын тапқан. Оның сөзінше Ілияс 44 жыл өмір сүрсе осы аралықта 42 кітап жазып қалдырған. Оның барлығы қуғын-сүргін жылдары өртеліп жойылып кеткен.

«Әлі Ілиястың 4 кітабы табылған жоқ. Ол кітаптардың біз тек қана аттарын білеміз. Оны біз Мұхтар Әуезов, Жұмалиев, сонымен қатар онымен қатарлас болған адамдардың естеліктерінен ғана білеміз. Ішіндегі мазмұны, ойы қандай екенін білмейміз», – деді алаштанушы Елдос ТОҚТАРБАЙ.

Жас ғалым егер қазақ ашаршылықта қырылып, репрессияда атылмаса, осы күні кем дегенде 40 млн болуы керек еді дейді. Оның сөзінше 700-дей отбасы түрлі түзеу лагерлерлеріне жіберіліп, қуғын көрген.  

Қазақ интеллегенциясының қаймақтары Алматының Наурызбай көшесінде орналасқан мына ғимараттың жертөлесінде атылған. Оның ішінде Ілияс Жансүгінов, Тұрар Рысқұлов, Құдайберген Жұбанов сынды тедессіз тұлғалар болды. Ал сол сұм жылдарда талай алыптың тағдыры қиылған бұл мекеме жеке меншікке өтіп кеткен. Қойнауы талай тарихтан сыр шертетін бұл ғимарат қазір мейман қабылдайтын қонақүйге айналған.

Назкен Еркін, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир