|
18.03.2024 | 19:45
380

Бізкесте – ұлттық бренд: ескі дәстүрді түлеткен шебер туындыларына сұраныс артқан

Ерлі-зайыптылар өнер жыныс пен жас талғамайтынына бек сенімді

Бізкесте – ұлттық бренд: ескі дәстүрді түлеткен шебер туындыларына сұраныс артқан Almaty.tv

«Бізкесте – ұлттық бренд». Осылай деген отандық суретшілер, бейнелеу мансабының майталмандары Зейнелхан Мұхамеджан мен Гүлжай Құсман ескі дәстүрді түлетіп ғана қоймай, көркем кестелеуді бөлек бір жанрға дейін жетілдірген. Олар сан ғасырлық тарихы қалыптасып, заман ағымына қарай ұмыт бола бастаған мәдени құндылықтарды қайта жаңғыртуға үлес қосып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді. Кезінде кесте тігу тек әйелдердің тұрмыстағы заттарға арнап жасайтын ермегі еді. Қазір бұл – деңгейі биік, тарихы терең мәдени мұра. Белгілі суретші Зейнелхан Мұхамеджан елімізде көркем кестелеудің негізін қалады десек, қателеспейміз. Шебер өз жұмыстарында заманауи көзқараспен өрнектелген бұрынғы қазақ даласын көрсетеді. Қолөнерші әр туындыға философия мен оқиға желісін қосады.

– «Ішімдегі бір нәрсені жасап шықсам» деп натюрморттан бастадым. Түскиіз немесе киім-кешектегі оюлы дүниелерді жасап, озып шығара алмаймын. Бар мүмкіндігімен жасалып қойды. Сондықтан мен өз дүниемді жасауым керек деген мақсат қойдым. Аса шыдамдылық, махаббат, қызығушылық, сүйіспеншілікпен қатынаспасаң бұл – менсінбейтін кірпияз өнер, – деді қолөнер шебері Зейнелхан Мұхамеджан.

Бұл өнер инемен құдық қазған тәрізді үлкен төзімділікті талап етеді. Көлеміне қарай әр жұмыс 2 айдан бір жылға дейін тоқылуы мүмкін. Қазір қолданбалы сәнді өнердің осы түрінде әр шебер бізді өз қолымен жасайды. Себебі әр туындыда құралдың ұшы мен үшкірлігі өзіне шақ болуы тиіс.

Ерлі-зайыптылар өнер жыныс пен жас талғамайтынына бек сенімді. Екеуі де матаға жіп шаншып, бізкестелеудің қыр-сырын меңгерсе де, шығаратын бұйымдары әртүрлі. Гүлжай Құсман өшпес өнер түскиіз жасаумен қатар, заманның талабына сай тігілген ұлттық нақыштағы, этно стильдегі бұйымдарды әзірлейді.

– Көбіне жаңағы киім-кешек, шапан, ерлердің-әйелдердің, қыздарға белдемше сияқты киім-кешектерді әшекейлеп ою-өрнек тігеміз. Заманауи матаға тұтап, әдемі кестемен белдемше мен тақия тігіп жатырмыз. Кесте өнерін бренд деп айтуға болады. Шетелге шықсақ та, шетелден келгендер де көрмеңді тамашаласа кестелі бұйымдар бірден көзге түседі, – деді қолөнер шебері Гүлжай Құсман.

Ұлттық құндылықты насихат етіп, әлемге танытуды мақсат қылған қолөнершілер тәрбиелеп отыр. Зейнелхан Мұхамеджанның қоржынында 300-ден астам дала мәдениеті мен ата-баба рухы астасып жатқан туынды бар.

Әйкерім Пернебек, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алмтыда Ұлттық киім күніне арналған сән фестивалі өтті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир