Фестиваль әлемнің 118 мемлекетінде тікелей эфирде көрсетілмек
Төрткүл дүние көз тіккен «Star of Asia» музыкалық фестивалін тамашалауға биыл 20 мыңнан астам көрермен келеді деп күтілуде. Екі күнге созылатын дәстүрлі шара отандық танымал орындаушылармен қатар, атағы жер жаратын жаһандық жұлдыздарды бір арнада тоғыстырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кешке Тайланд, Ресей, Оңтүстік Кореядан келген белгілі әншілер қатысады. Сондай-ақ концерт әлемнің 118 мемлекетінде тікелей эфирде көрсетілмек. Әр жылы түрлі тақырыпты арқау ететін шараның бұл жолғы ерекшелігі – әуендер тек оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалады.
Сондықтан, ұйымдастырушылар бұл шараны көруге шақырады. Жалпы 3-рет өткелі отырған концерттің бұл жолғы тақырыбы «Жастар жылына» арналғалы отыр. Есте болса, осыған дейінгі жылдары шарада Медеу шатқалында қазақстандықтардың сүйікті әндері шырқалса, былтыр концерт «Рухани жаңғыру» аясында өткен еді. Ал биыл ұйымдастырушылар еліміздің түкпір-түкпірінен жинаған талантты ұл-қыздардың бағын жақпақ.
«Біз әлеуметтік желілер арқылы 40-қа жуық талантты жинадық. Олардың дені – әлеуметтік желіде өз көрермені, оқырманы бар жұлдыздар. Бірақ ешқайсысы бұрын-соңды үлкен сахнаға шығып, ән салып көрмеген. Алдын ала іріктеуден олардың 20-ы ғана өтті. Сол 20 талант, ертеңгі күні Медеу мұз айдынында екі күн болатын фестивальде шетелдік жұлдыздармен қатар өнер көрсететін болады», – деді «Star of Аsia» халықаралық фестивалінің Бас продюсері Айнұр КӨПБАСАРОВА.
«Дайындық өте керемет. Бізді аптасына 4 рет дайындайды. Оркестрмен де, эстрадамен де сахнаға шығамыз. Мен өзім Әсем Көпбаевамен бірге дуэт орындаймын. Мұндай үлкен сахнаға бірінші рет шығуым. Өте керемет сезімдемін», – деді фестивальге қатысушы Дана ЗҰЛХАНОВА.
Медеу мұз айдынында өтетін шарада отандық жұлдыздармен қатар, дүйім жұрт көптен күткен шетелдік қонақтар да болады. Мәселен, 2017 және 2018-ші жылдары шараға Arash, Anastacia, Serebro секілді әншілер қатысқан еді. Биыл халықаралық фестиваль сахнасына бұрын-соңды шықпаған таланттар өнер көрсетеді.
«Даниядан OUTLANDISH деген команда келеді. Бірінші күні солар өнер көрсетеді. Одан кейін екінші күні Pentagon негізгі хедлайнер, сосын Тәжікстаннан әртістер келеді. Екінші күні ресейлік МОТ тобы, Dan Balan өнер көрсетеді», – дейді «Star of Asia» халықаралық фестивалінің қоюшы режиссёрі Назгүл ҚАРАБАЛИНА.
Ұйымдастырушылар жылжымалы сахнада видеоны сапалы көрсететін үлкен лэд экран болатынын айтады. Сондықтан, алыста отырған көрермендер де жанды дауыстан ләззат алып, сүйікті әншілерін жақыннан көре алады. Ал қазір дайындық қызу жүріп жатыр.
Сондай-ақ, мұндай халықаралық деңгейдегі шара мың боуялы, әсем қала саналатын Алматыда оқиғалық туризмнің дамуына да септігін тигізуде. Мәселен, былтыр «Star of Asia» музыкалық фестивалін көруге келген шетелдіктердің саны 5 мыңнан асып жығылған. Ал биыл келетін туристер саны одан да көп болады деп күтілуде.
«Алматыға туристерді тарту үшін 50-ден астам халықаралық деңгейдегі шара өткізіледі. Оның қатарында «Көктөбе» опера халықаралық джаз музыкасының кеші, Kazakhtan Fasion Week те бар. Әсіресе, көпшілікті «Star Of Asia» шарасы қызықтырады. Жалпы фестиваль жыл сайын 20 мыңдай көрермен жинайды. Сондықтан бұл – жай концерт қана емес, отандық туризмді дамытуға ықпал ететін ауқымды шара», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Қалибек АҚЫЛБЕКОВ.
Шара өтетін 15-16 маусым күндері қонақтарға Медеуге апаратын және ол жақтан қалаға әкелетін 20 автобус бөлініп отыр. Билеттің бір бағыттағы құны 150 теңге. Жиналатын жер ретінде қаладағы Сәтбаев көшесі мен Абай даңғылы арасындағы тұрақ алаңы белгіленді. Ал Медеуден қайтқан автобустың соңғы аялдамасы Құрманғазы мен Достық даңғылы болып бекітілді. Олар түнгі 00:00-ге дейін қатынайды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар шараның қызығын соңына дейін тамашалау үшін жылы киіну керектігін ескертеді. Тіпті сол күндері тауда жаңбыр жауады деп күтіліп отыр. Сондықтан қолшатырды да ұмытпаған жөн. Дегенмен, ауа-райының қолайсыздығы көңілге сызат түсірмейді. Кеш керемет өтеді дейді шараға жауаптылар.