Биыл қазақ руханиятының қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетіне 85 жыл толды. Бүгін, 9 желтоқсан күні Алматыда өткен 85 жылдық мерейтойға арналған пленумда бірқатар жоспарлар пысықталып, алдағы жұмыстар сараланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1934 жылы құрылған одақтың алғашқы басқарма төрағасы болып Ілияс Жансүгіров сайланған еді. Ғасырға жуық кезеңде одақты – Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев сынды қазақтың алып та кемеңгер тұлғалары һәм басқа да белгілі ақын-жазушылар басқарды. Биылдан бастап Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ақын-жазушылармен бірнеше мәрте кездесіп, қашанда қолдау көрсететінін айтқан еді. Соның нәтижесінде қазір Жазушылар Одағының ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алматы қаласы әкімдігі биылғы жылы зиялы қауым өкілдерімен жұмыс жүргізудің жаңа жүйесін енгізіп отыр. Қала басшысының бастамасымен қаламгерлерге 150 грант тағайындалды. Оның 90-ы өз иегерлеріне жетсе, қалған 60-ы жыл соңына дейін табыс етіледі. Ал, келер жылы іріктелген 20-ға жуық ақын-жазушының кітабы жарық көруіне қолдау көрсетілмек.
«Бүгінгі күн – қазақ руханияты үшін қайталанбас ерекше күн. Себебі «Өнер алды - қызыл тіл» деп білген қазақ халқының ең дамыған, қадір тұтқан қасиетті өнері – әдебиеті. Қазіргі таңда еліміздің сөз ұстаған, ой толғаған 800-ден астам талантты қаламгерлерінің басын біріктірген Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында өтіп жатқан Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейлі белесі баршаңызға құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Шығармашылық табыстар тілеймін!», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Одақтың әдебиет әлеміне қадам басқан жас ақын-жазушылардың қанатын қатайтып, шығармашылығын шыңдауда орны ерекше. Олардың тырнақалды туындыларының жарыққа шығуына ықпал етті. Қазір бұл ұйымның құрамында 800-ге жуық қаламгер бар. Биыл одақтың тікелей ұйытқы болуымен Азия жазушыларының форумы өтті. Оған 40-қа жуық елден 300 қаламгер қатысты. Сондай ақ қазір Жазушылар одағы басқармасы облыстарда тұратын ақын-жазушыларды әлеуметтік қамтамасыз ету жағынан грант тағайындау ісін қолға алған.
«Жазушылар одағы дегеніміз – халқымыздың рухани ошағы. Бір кезде ол ұлттық партияның рөлін ойнаған. Халық өзінің мұң-мұқтажын Жазушылар одағына келіп айтатын. Одақ халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын. Меніңше,ол қазір де солай», - деді Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ.
Сондай-ақ, биыл «Қазақ әдебиеті» газетіне де 85 жыл. Сексеннің сеңгіріне шыққан басылым қазақ руханиятының алтын діңгегі саналады. Басылымның алғашқы редакторы Ғабит Мүсірепов болса, ақылдастар алқасында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сияқты ұлт қайраткерлері қызмет атқарған. Ал қазір ол өз таралымын 10 мыңнан асырып, заманға сай жаңа сипатта жарық көріп жатыр.
«Қазақ әдебиеті газеті ел тарихымен, әдебиет тарихымен бірге жасасып келеді. Ол – Тәуелсіздік шежіресінің шырайын кіргізіп жазған басты басылымның бірі. Мерейтойы құтты болсын», - деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.
«Қазақ әдебиетінің» тағдыры қазақтың тағдыры сияқты. Қазақ қандай қиындықтардан «тар жол тайғай кешулерден» өтсе, бұл газет те сондай тағдырды бастан өткізді. Газет экономика, саясат, әлеуметтік мәселелерден гөрі әдебиет, руханият дүниесін көбірек жазды. Соған көңіл бөлді», - деді «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен ҚУАТ.
Жазушылар Одағының шығармашылық ұжымы бұл күндері де өз дәуірінің, өз қоғамының қозғаушы күші ретінде ұлттық идеяларды насихаттауда тиянақты жұмыстар атқарып келеді.
«Алаштың азаматтарынан, арғы тарихтан бастап қозғасақ, әңгіме көп. Соның ішінде Мұхтар сияқты, Ғабит, Сәбит, Ғабиден сияқты ұлы бабаларымыздың салып келе жатқан жолымен жүріп келе жатқан жағдайымыз бар. Жазушылар Одағын ұлы тойы – 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын», - деді КСРО Халық әртісі Асанәлі ӘШІМОВ.
Пленумда Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Марфуға Айтхожина, Мұхтар Мағауин, Софы Сматаев, Бексұлтан Нұржекеев және Дулат Исабековке "Қазақстан Жазушылар одағының құрметті жазушысы» деген атақ берілді. Сонымен қатар, бірқатар жас ақын- жазушылар Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды.
Қуан Нұрақын, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы