Ұлттық спорт тақырыбында қалам тербейтіндерге бұрын-соңды болмаған байқау басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін Қазақстан Жазушылар одағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында «Құлагер» әдеби жарысының шымылдығын түрді. Қазақы спортты қолдап, қаламгерлерді ынталандыру үшін ұйымдастырылған байқауда бас жүлде иегері 2 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болмақ. Қатысушылар поэзия, проза, комикс, драма сынды 7 номинация бойынша бақ сынайды.
– Ақын-жазушылар бәйгеге қатысып, «Құлагер» деген сыйлықты жеңіп алуға тырысады. Онда біздің ұлттық ойындарымыздың ерекшелігі, оны ойнайтын адамдардың мінез-құлқы, қазақты әлемге танытатын тұсы туралы талай жақсы шығармалар жазылады деген ойдамыз, – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов.
Байқауға бұрын-соңды жарияланбаған, биыл жазылған шығармалар қабылданады. Тілге тиек етілетін тақырып – Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына ресми түрде кіретін бағыт болуы шарт. Демек, теңге ілу, бәйге, жамбы ату, аударыспақ пен көкпар, тоғызқұмалақ және құсбегілік, садақ әрі асық ату сынды ойын түрі жатады.
– Алла бұйырса, 5-6 айдан кейін нәтижесін көресіздер. Қазақстанда жаңа шығармалар, ел танитын ақындар пайда болады деп ойлаймын. Соған өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын! – деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.
Оқи отырыңыз: Қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге таныту үшін сапалы аударма қажет – Дулат Исабеков