Алматыда Наурыз мерекесіне арналған дәстүрлі әндер кеші өтті

Алматыда Наурыз мерекесіне арналған дәстүрлі әндер кеші өтті
«Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен «Інжу-маржан» музыка кеші Алматыда Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ресми басталғанын білдіреді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Інжу-маржан» музыка кеші басталды. Бұл концерт Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың Алматыда ресми басталғанын білдіреді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда Наурыз мерекесін тойлау осылай «Інжу-маржан» концертімен басталып кетті. Ұлт тұтастығының ең үлкен белгілерінің бірі – рух тұтастығы. Рухани байлығымыз дәстүрлі әндер десек, бүгінгі кеште осы Алтай-Атырау арасындағы болмыс бітімімізді білдіретін жаухарлар орындалып, көмейіне бұлбұл ұялаған әншілер өз өнерімен тамсандандырды.

«Мен өзім Сыр өңірінің жыраулық, жыршылық өнерінің өкілімін. Сондықтан бүгін Сыр бойының ақын-шайырларының терме-толғауларын орындадым. Ал еліміздің басқа өңірлерінің жыршылық өнерінің өкілдері ретінде мысалы, Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіманов, Ардақ Исатаева, Сәуле Жанпейісова сынды атақты дәстүрлі әншілеріміз бүгін сахнадан өздерінің керемет әндерін шашу етіп жатыр. Тәуелсіздік алғалы бері біздің дәстүрлі өнерімізге деген бетбұрыс жылдан жылға артып келеді», – дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан БАЙБОСЫНОВА.

Тумысы текті, тұғыры биік, тамыры терең дәстүрлі музыкадан таңдаулы деген жиырма шақты ән орындалады деп жоспарланған. Бұл да болса, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында атқарылып жатқан жұмыстың бірі. Концертте дәстүрлі әннің ақтаңгері Еркін Шүкіман Біржан Салдың «Бурылтайын» бабына келтіре орындаса, халық әні «Алқоңырды» да көрермен ерекше ықыласпен тыңдады. Талай марқасқаларды түлеткен Жетісу жерінің жезтаңдай сал-серілері шығарған әндер, Қапездің «Дүние-айы», Сүйінбай мен Қабан жыраудың термелері,  Алтай, Шығыс өңірінің үш ішекті домбырасымен де ән-күйлер шырқалды.

Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров