Мұрағат қызметкерлері ғимарат алдына мемориалды тақта орнатып, салтанатты іс-шаралардың легін бастады
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне биыл 100 жыл толды. Мұрағат қызметкерлері бүгін ғасырлық той қарсаңында ғимарат алдына мемориалды тақта орнатып, салтанатты іс-шаралардың легін бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ мемлекет үшін маңызы бар орталыққа еңбегі сіңген мамандар да арнайы төсбелгімен марапатталды. Әрі мерекелік жиында архив қорындағы елеулі материалдар көрмеге қойылып, көпшілікке таныстырылды. «Архив қағазды жинап, құжаттарды сақтап, ғылыми еңбектерді жариялайды. Сондай-ақ архив тек құжаттарды сақтайтын қойма емес, болашақта ол ғылыми орталыққа да айналуы керек. Енді сол бағытта да біз жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз», – деді ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай.
Мемлекеттік мұрағат қорында 1,5 миллионға жуық іс-құжат бар. 1991 жылдың 1 қыркүйегінде негізі қаланған архив тіпті 1733 жылғы Ресей империясының кедендік құжатын да сақтаған. Осындай көне әрі тарихи құжаттар ел өткенінің куәсі, негізгі сүйенері болып отыр. Осы салада еңбек етіп жүрген мамандарға да биыл мемлекет айрықша көңіл бөліп отырғанын айта кету керек.
«Архив қызметкерлерінің жалақысын алдағы уақыттағы 3 жылға 20 пайыздан өсіру бойынша Президентіміз тапсырма берген болатын. Сондықтан алдағы уақытта осындай игі істерді, жұмыстарды атқара беретін боламыз», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.