Абай күніне орай «Күн артынан күн туар» атты театрландырылған концерт өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Негізгі мақсаты – баба мұрасын насихаттау
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Хакім Абайдың 177 жылдық мерейтойына орай «Алатау» дәстүрлі өнер театрында арнайы қойылым сахналанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Хор мен оркестрлік топ көрермен қауымға ұлы композитордың туындыларын орындап, ескіден сыр шертсе, әншілер құлақтан кіріп, бойды алған әндерді орындады.

«Күн артынан күн туар» атты театрландырылған концерттің негізгі мақсаты – баба мұрасын замана тоғысында қазіргі қоғамға насихаттау.

Халық рухының тірегіне айналған Абай бабамыз десе әрбір қазақтың жүрегі елжіреп, мақтанышпен мадақтайтынымыз белгілі. Бүгін міне, екі жылдан бері дәстүрге айналған мерейтой жалғасын тауып, «Алатау» дәстүрлі өнер театрыныда керемет қойылым болды. Ал ұлы ақынның «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның әні», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндері  кештің көркін келтіріп қана қоймай, Абай ғұмыр кешкен заманның атмосферасын сезіндірді.

«Театрландырылған танымдық музыкалық кештің мақсаты – Абай мұралары арқылы қазіргі қазақ қоғамы мен 21 ғасырды тоғыстыру, баба шығармашылығын өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеп, насихаттау болды дейді ұйымдастырушылар. Қойылымды тамашалауға келген зиялылар мен ақындар «Абайды тану – өзіңді танумен бірдей» дегенді алға тартып, айтулы мерекенің орны ерекше екенін айтты», – деді  «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Нәсіпжан Басшыбай.

«Иә, халқымыз ұлы Абайды «еліміздің төлқұжаты» іспеттес деуі бекер емес. 1,5 сағатқа созылған әсерлі кеште көрермен қауым келтірілген дәйекке тағы бір рет көз жеткізгендей. Ал дана бабамыздың шығармашылығы, философиялық ойы мен «Қара сөздері», әлі күнге дейін әрбір қазақтың есінен кетпес әндері мәңгіге асыл мұрамыз болып қала бермек. Ағылшындар Шекспирді, немәстер Гетені, орыс халқы Толстойды ұлы десе, біз Абайымызбен мақтанамыз», – деді ақын Әділғазы Қайырбеков.  

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров