Абай күніне арналған мерекелік іс-шаралардың легі «Жүректің көзі ашылса» атты әдеби-шығармашылық кешпен өрбіді. Орталық музей мен Жазушылар одағы ұйымдастырған кешке балалар үйінің тәрбиленушілері мен бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара аясында «Темірен» театрының әртістері моно драмадан үзінді қойып, көпшілікке Абай мұрасының мәнін танытты. «Абай күні – қазақтың ізгілік пен өркениет өріне басқан тағы да бір қайырлы қадамы» дейді ұйымдастырушылар.
«Абай атамыздың мәңгілік мұрасын насихаттауға арналған игі шараны ұйымдастырып отырмыз. Мұндағы негізгі мақсатымыз – Абай атамыздың дүниеге келген күні оның рухани өмірінің екінші өмірін басталғандығын кейінгі ұрпаққа насихаттау, дәлелдеу», – деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова.
«Абайдай ұлы тұлғасы барда қазақ еш уақытта адаспайды. Қандай тұманды күні, қандай қалың орманның ішінде біздің алдымызда шамшырағымыз – Абай бар. Абай дана,Абай дара әрине Абай тек қана қазақтың ғана емес, тек қана түркі тілдес халықтың емес бүкіл адамзаттың мақтанышы», – деді актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов.