Мұздағы шоу, роботтар көрмесі: Алматыда демалыс күндері қайда баруға болады

30.03.2019 01:07

30 наурыз күні Илья Авербух қала қонақтары мен тұрғындарына арнап жаңа шоуын ұсынбақ

Алматыда заманауи роботтар көрмесі ашылды. Көрермен назарына отандық және шетелдік озық ойлы құлтемірдің 60 түрі ұсынылыпты. Демалыс күндері сондай-ақ Илья Авербухтың мұздағы шоуы өтпек. Онда танымал мәнерлеп сырғанау шеберлері өнер көрсетеді. Қалада сенбі және жексенбі күндері өтетін мәдени шаралар туралы толығырақ Almaty.tv тілшісі баяндайды.

Мына бір робот брейк данс, хип-хоп, танго және балет сынды биді билей алады. Оның жадында мыңнан астам сөйлем сақталған. Тіпті, әзілдерді де айтып береді. Көрмені тамашалауға келгендер роботтармен суретке түсіп қана қоймай, қолмен ұстап, сөйлесуге де мүмкіндік алды.

Құлтемірлердің арасында түрлі қызметтерді атқаратындары бар. Адаммен әңгімелеседі. Күйзелістен шығуға көмектесетін ақылды техникалар да бар. Сонымен қатар, спортпен шұғылданып, ән шырқайды. Би билеп, шоуды да өткізеді.

Көрмеде көпшілік назарына АҚШ, Жапония, Қытай және Ресей сынды әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген 60 құлтемір ұсынылған. Ұйымдастырушылар арнайы Ресейлік өнертапқыштар. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда робототехникаға қызығушылық бүкіл әлемде артқан.

«Біз бүкіл әлемдегі жаңа технологияларды бір жерге жинадық. Бұл қызық үшін ғана емес, танып-білу үшін қажет. Ойнап қана қоймай, зерттеп, шеберлік сабақтарына қатысуға болады», – деді көрме әкімшісі Ася МАМИЕВА.

Үлкен экранда жаңа отбасылық отандық кино көрсетіле бастады. «Оффлайн каникул» атты туынды алғашқы күннен-ақ көрермендердің ерекше ықыласына бөленген. 21 наурызда прокатқа шыққан фильм бір аптадан аса уақыттың ішінде 60 миллион теңге табыс түсірген. Туындыда көтерілген мәселе өзекті. Бір де бір минутын телефонсыз, интернетсіз елестете алмайтын балаларды сол шырғалаңнан шығару жолы көрсетіледі. Комедия жанрында түсірілген фильм көрерменді күлдірте отырып ой тастайды.

«Фильм атауы «Оффлайн каникул» болған соң, біз барлық балалардың телефон, планшет, ноутбуктарын жинап алдық. Тек кешкі уақытта ата-анасымен хабарлассын деп телефонмен сөйлесуге рұқсат беретінбіз. Кино сценарийіндегі жағдай өмірде де орын алды десек болады. Су тасу, аула сыпыру, малға қарау секілді ауылдағы күнделікті тірлікті көріп бастапқыда шошыған еді. Кейін қол жуу үшін де су әкелу керектігін түсінген балалар расымен де өзгере бастады», – деді «Off-line каникул» киносының продюсері Ернар ҚҰРМАШЕВ.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында тұңғыш рет қазақ тілінде балаларға арналған «3D шоу - 12 ай» спектаклі сахналанып жатыр. Өнер ордасы ұжымы қазақтың ұлттық ертегісін ұлтымыздың жаңа жыл мейрамына орай ұйымдастырған. Наурыздың 21-інен басталған балалар қойылымы айдың аяғына дейін күніне үш уақыт сағат 11:00, 13:00, 15:00-де тамашалай алады.

«Көрерменнің пікірі өте жақсы. Ата-аналардың пікірлері жақсы. Балақайлар қазір ХХІ ғасыр болғаннан кейін ұялы телефонға байланып қалған сияқты. Сол сияқты, неге тірі қуыршақтарды көріп, сол қиял ғажайып әлемге осы бізбен бірге барып қайтпасқа?», – дейді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Дәуір АНАРБАЙ.

30 наурыз күні Илья Авербух қала қонақтары мен тұрғындарына арнап жаңа шоуын ұсынбақ. Мұнда Алексей Ягудин, Роман Костомаров, Максим Маринин, Оксана Домнина, Максим Шабалин, Мария Петрова сынды танымал мәнерлеп сырғанау шеберлері өнер көрсетеді. Атап өтерлігі, гастрольдік тур барысында жалпы 30 қаланы аралап шықпақ.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы