Концертте ән мен жырдан шашу шашылып, облыстың өнер майталмандары Алматы тұрғындары мен қонақтарына керемет кеш сыйлады
Жетісу өлкесінің мәдени күндері аясында, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен облыс басшысы Амандық Баталов Абай Құнанбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Республика сарайында ашылған көрмені тамашалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Онда 100-ге тарта тарихи жәдігерлер қойылған. Қала жұртшылығына сондай-ақ Алматы облысы қолөнершілерінің тастан және теріден дайындаған құнды дүниелері ұсынылды. Одан бөлек, көрмеге Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұражайынан да экспонаттар әкелінген екен. Көрмені аралағаннан кейін мәртебелі меймандар арнайы ұйымдастырылған концертті тамашалады.
Республика Сарайында Алматы облысының мәдени күндері аясында гала концерт өтті. Мерекелік кештің сөзінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтав кала мен облыс арасындағы қатынас күн өткен сайын нығая беретіндігін, соның ішінде «Үлкен Алматы» жобасы аясында да қос өңір басшылары жұмылған жұдырықтай жұмыс істеу керектігін тілге тиек етті.
«Халық Алматы облысының, Жетісудың ән-би өнерін сағынып қалды. Бүгін үлкен коллектив болып келіп мауқымызды басып келіп жатқандарыңызға үлкен рахмет. Кешеден бері көптеген шаралар өтіп жатыр. Әлі де жалғасын таба береді. Бұл – ізгі істің бастамасы ғана», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Жетісу – өнердің алтын бесігі, ұлы даналар мен бабалар елі. Бұл – сөздің пірі Сүйінбай, жыр алыбы Жамбыл мен бертін келе Сара Ілияс Мұқағали мен Нұрғисадай дара ұлдарын дүниеге әкелген киелі мекен. Осындай талантты ұлылардың өнерін жалғастырып жүрген өнерпаздардан кенде еместігін көрсетті бүгін.
Концертте ән мен жырдан шашу шашылып, облыстың өнер майталмандары Алматы тұрғындары мен қонақтарына керемет кеш сыйлады. Жер жәннаты Жетісудан келген мәдениет керуені күн бата қайта Талдықорғанды бетке алды.