Жамбылдағы жарылыста қаза тапқан азаматтардың құрметіне мурал салынды

22.09.2021 01:39

Петропавлдағы алып суретте өрт сөндірушілердің батылдығы барынша айқын көрсетілген

Almaty.tv

Жамбыл облысындағы жарылыстар кезінде ерлікпен қаза болған азаматтардың құрметіне Петропавл қаласындағы көпқабатты үйдің қабырғасына алып сурет салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі дәл осы көпқабатты үй бекер таңдалған жоқ. Оған салынған мурал алыстан да анық көрінеді. Туындыны көкшетаулық суретшілер салған. Қылқалам шеберлері өрт сөндірушілердің батылдығын барынша айқын көрсетуге тырысқан.

«Бұл суретті жасау идеясы бұрын пайда болған, бірақ Тараздағы соңғы қайғылы оқиға жоспарымызды тез іске асыруға әсер етті.  Біз қайтыс болған өртсөндірушілерді ұмытпай, мәңгі еске алуды жөн көрдік. Петропавлдың әрбір тұрғыны, қала қонақтары осы суретті көріп, өрт сөндірушілердің батыл әрі өз өмірін қиған азаматтар екенін біліп жүрсе екен дейміз», - дейді СҚО ТЖД бас маманы Евгений Журавлев. 

Еске сала кетсек, бір ай бұрын Жамбыл облысы Байзақ ауылында алапат жарылыс орын алған болатын. 17 адамның өмірін жалмаған оқиға бүкіл қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды.

«Өзім жұмыс істеген шағын уақыт аралығында көп рет өрт сөндіруге барып, түрлі оқиғаға тап болдым. Солардың бірі – жатақханада өрт шыққанда 4 адамнан тұратын отбасыны құтқарып қалғаным. Эвакуация кезінде тез әрекет ету керек болды. Өрт кезінде балалар не болып жатқанын білмей, тыныш ұйықтап жатты. Олардың бірі 3-те болатын. Балаларды шошытып алмау үшін құтқару кезінде көңілдерін аулауға тырысқанымыз есімде», - дейді өрт сөндіруші Нұрлан Тілеуп.

Биыл СҚО-да 510 өрт оқиғасы тіркелген. Өрт сөндірушілер 31 адамды ажал аузынан аман алып қалған. Олардың 6-ауы – бала.

Алина Нұртазина, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан