«Алматы» телеарнасы өзінің 20 жылдығын «Медеу» мұз айдынында тойлады

25.11.2019 19:38

Қазақ эстрадасы жұлдыздарының концерті мерекеге әр беріп, мұз айдынына келген алматылықтар мен қонақтарға керемет сый болды

«Алматы» телеарнасының 20-жылдық мерейтойы «Медеу» мұзайдынында атап өтілді. Мерекелік шарада эстрада жұлдыздары ән айтып, тіпті түрлі ойындар да ойнатылды. Концерттік бағдарламаны көруге қала қонақтары мен қала тұрғындары өте көп жиналған. Мерекелік шара өте көңілді өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Көрермендердің көзайымы болған «Алматы» телеарнасы өзінің 20 жылдығына орай демалыс күндері қала тұрғындарына керемет мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Медеуге келген қонақтар үшін эстрада жұлдыздары мен танымал спортшыларды сахна төрінен көру күтпеген ерекше сый болды. Концерттік бағдарламаның куәгері болған тұрғындар естелік суреттерге түсіп, табиғат аясындағы шарада көңілдері көтеріліп, телеарнаны төл мерекесімен құттықтады.

«Алматы» телеарнасының 20-жылдық мерекесі құтты болсын. «Алматы» телеарнасы жайнай берсін, жасай берсін. Бізге осындай қызықты бағдарлама ұйымдастырып бергеніне шын жүректен алғыс білдіреміз», - деді көрермендердің бірі.

«Құрметті «Алматы» телеарнасы, сіздерді 20 жылдық мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!», - деді арнаның тұрақты көрермені.

«Алматы» телеарнасы, туған күніңмен!», - деді тағы бір кешке арнайы келген қонақтардың бірі.

20 жылдан бері ақпарат айдынында келе жатқан телеарна жыл сайын эфирде жаңа жобалар мен бағдарламалар ұсынады. Тіпті, көмекке мұқтаж жандарға көмектесу мақсатындағы «Мейірім мекені» секілді жобалар көптеген жандарға көмек қолын созған еді. Ал, «Алматы» арнасының қолдауымен түсірілген түрлі жанрдағы қызықты фильмдерді, сараптамалық, танымдық, музыкалық және ойын-сауық бағдарламаларын, сондай-ақ деректі фильмдер мен концерттерді қала тұрғындары сүйіп көретіндерін айтты. 

«Тамаша атмосфера келушілерге әсерлі қуат беруде. Сіздер кереметсіздер! Мерекені ұйымдастырушылардың ұйымшылдығы байқалады. 20 жыл –  үлкен уақыт. Гүлдене беріңіздер, сәттілік пен үлкен аудитория тілеймін! «Алматы» телеарнасы алматылықтарды және тұтас Қазақстанды әрдайым қуанта алады», - деді Татьяна ЕЛАГИНА.

«Алматы» телеарнасының 20 жылдық туған күні құтты болсын! Дәл осындай жақсы сәтте келгенімізге біз қуаныштымыз. Мен өзім Қызылорда қаласынан келген Алматының қонағымын. Өте қуанышты, көңілді өтіп жатыр бәрі. Осындай концерт ұйымдастырғандарыңызға рахмет!», - деді Мадияр ЫҚТИЯРОВ.

«Алматы» телеарнасы, 20 жылдықтарыңыз құтты болсын! Болашақта гүлдену мен мол табыс тілеймін!», - дейді әнші MayBo.

Мерекелік шара барысында ұтыс ойынындарына қатысушыларға термо-ыдыстар мен смартфондар ойнатылып, бағалы сыйлықтар да табысталған болатын. Тіпті, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров өз атынан жеңімпазға «тұлпар» сыйлады. Тау бөктеріндегі мұз айдынында жиналған Қазақстандықтарды эстрада әншілерінің әндері мен жылы лебіздері жылытты. Мерекелік шарада арна басшылығы барлық алматылықтарды құттықтап, сөз сөйледі.

«Біз сіздермен 20 жылдан бері бірге келе жатырмыз. Бұдан ары қарай да Алматы қаласының гүлденуі үшін, Алматы қаласының әдемі болып дамуы үшін, осы қаланың әр тұрғыны өзін бақытты сезінуі үшін қызмет ете береміз! Мереке құтты болсын, достар!», - дейді  «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА.

20 жыл бойы тату әрі ұйымшыл «Алматы» арнасы тек көрермендер үшін жұмыс жасауда. Әрқашан қаламыздағы болып жатқан шараларды, жарқын және заманауи бейнелерді, мерекелік концерттерді, есте қаларлық логотиптерді, өткір және маңызды ақпараттарды халық назарына ұсынуда. «Алматы» телеарнасы жыл сайын теледидарлық контентті дамытуға күш салып, көрермендерге жақын болуды мақсат етеді.

Аяулым Көлжігіт, Владислав Шишко, «Алматы» телеарнасы