Алматыда еңбек сіңірген күйшілер марапатталды

22.12.2021 в 01:32

Марапаттың ең жоғарысы – республикалық Халық күйшісі атағы

Алматыда еңбек сіңірген күйшілер марапатталды. Оларға түрлі дәрежедегі 15 аталым бойынша медальдар табысталып, еңбектері еленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       

 

Марапаттың ең жоғарысы – республикалық Халық күйшісі атағы. Оны күйші, композитор, шығыс күйлерін зерттеуші Мұқаш Таңғытұлы иеленді.

Салтанатты шара қаладағы мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында өтті. Рухани кешен бүгінде күй өнерінің 4 түрлі мектебін көпшілікке насихаттап келеді. Мәселен, мұнда оңтүстік және сыр өңірі, батыс, арқа сынды музыкалық жанрдың өткені мен бүгінін, сыр шертер тарихымен танысуға мүмкіндік бар.      

«Менің зерттеп жүргенім – Қытай қазақтарының шертпе күйлері. Бұл ретте біз бірнеше кітап пен күйтабақтар шығардық. Атап айтсақ, «Шежірелі шертпе күй», «Жайсаң» деген бар. Қазір зерттеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр», – деді композитор, шығыс күйлерін зерттеуші Мұқаш Таңғытұлы.

Сондай-ақ мерекелік кеште «Шығыс шертпесі» атты ансамбльдің ресми тұсауы кесілді. 11 адамнан құралған шағын топ Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебін көпшілікке насихаттауды көздейді. Топ құрамында жас жеткіншектер мен кәсіби күйшілерге дейін бар.  

«Өткен заманғы інжу-маржандарымыз – біздің ән-күйлеріміз. Оларды насихаттау керек. Қазіргі даңғаза музыкаларға, батыстың теріс тәрбие беретін ағымына қарсы қоятын құралымыз – ұлттық музыкамыз, ән-күйлеріміз, жырауларымыз. Айтысымыздың өзі қандай керемет!», – дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ермұрат Үсенов.