Алматыда Рахметолла Райымқұлов тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды

12.05.2023 01:32

Бүгін жазушы, журналист Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығын атап өтті

Almaty.tv.

Бүгін көрнекті жазушы, журналист, қоғам қайраткері, соғыс ардагері Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығын атап өтті. Алматыда мерейтойға орай өмірінің соңғы 5 жылын өткізген үйге мемориалды тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соғысқа дейін бірнеше баспада қызмет істеген Рахметолла Райымқұлов майданнан келгеннен кейін ұстаз болып жұмыс істеген. Көзі тірісінде публицистика, проза жанрында қалам тербеген қайраткер өзбек ағайындар мен еліміздің арасын әдеби, мәдени көпір болып жалғады.

– Өзбекстаннан да, бүкіл Қазақстаннан жазушылар келіп жатыр. Мен кішкентай кезімнен әкемнің қасында болдым, әкелік махаббатын сезіп, өстім. Бала күнім Жазушылар одағында өтті, әріптестерінің әкеме деген құрметін көрдім, – деді Р. Райымқұловтың қызы Ақтоты Райымқұлова.

– Бұл кісінің еңбегі – елге үлкен қазына. Ол өте жан-жақты, сегіз қырлы, бір сырлы тұлға болған. Өмірі ұрпаққа – өнеге, ғұмыры – ғибрат, тағдыры – тағылым болсын! – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан.