Бүгін Алматыда күйші-композитордың шығармашылығын еске алу кеші өтті
Қазақ өнерінің қара ордасы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның камералық залына Нұрғиса Тілендиевтің аты берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы атанған белгілі күйші-композитордың шығармашылығын еске алу мақсатында қазір аталған өнер үйінде концерттік бағдарлама да тарту етіліп жатыр.
Сондай-ақ мемориалды тақтаның ашылу салтанатына қатысқан ел азаматтары Нұр-ағаға қатысты естеліктерін айтты.
Айта кету керек, тақтатасты тамашалаған көпшілік Нұрғиса Тілендиев атындағы мұражайдың экспонаттар көрмесін де аралап қайтты. Көзкөргендер жиналған ортада Нұрғиса Атабайұлының тұлғасы мен образы жайлы да кең тарқатылды. Көпшілік оның қатал да сырбаз мінезін еске алды.
«Нұр-ағаңның өмірінің жартысы осы залда өткен шығар. Біздің қазақ деген халық аман тұрғанда, Нұр-ағаңның аты еш өшпейді деп сенемін. Оның еңбектері – өлмейтін өнер», – деді Н.Тілендиевтің жары Дариға Тілендиева.
«Ол кісі – феномен. Қазақ халқының бағы үшін туған дарын иесі», – деді ҚР ҰҒА академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Оразалы Сәбден.
Нұрғиса Тілендиев өзі негізін қалап кеткен «Отырар сазы» оркестрінің концерті әйгілі «Ата толғауы» күйімен ашылды. Күйге кенелген көпшілік, әуенге қосыла ән шырқағанын да айта кету керек.