Бүгін республика сарайында Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері және қала әкімі Ерболат Досаев арнайы қонақ болған шарада әнші шығармашылығындағы таңдаулы туындылар шырқалды. Қазақ өнерінде қайталанбас із қалдырған тарихи тұлғаның мерейтойына арналған кеште Роза Бағланованың өмірі, шығармашылығы жайлы арнайы дайындалған бейне ролик көрсетілді. Концерттік бағдарламаны тамашалауға келген көрерменнің көңілі шат-шадыман.
«Бүгінгі орындайтын әнім «Ақ сұңқарым». Ол жиі айтылмайды. Осы әнді өзімнің репертуаруыма қоссам деп отырмын. Роза Бағланованы еске алу кештерінде болсын, басқа да жиындарда осы әнді айтуға тырысамын», – деді эстрада әншісі Әлішер Кәрімов.
Роза Бағланованың шығармашылығы, ғибратты ғұмыры өскелең ұрпақ жадында мәңгілік сақталады. Халық қаһарманы атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші Роза Тәжібайқызы өмірінің 70 жылдан астам уақытын сахнаға арнады. Айта кеткен жөн, жезтаңдай әншінің 100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту жыл басында басталған еді.
«Роза апай – Қазақстан емес, Совет одағында аты дүркіреп шыққан әнші. Бүгін ән айту мен үшін құрмет. Кезінде көруге армандаған кешінде ән айтып жүрміз. «Сәулем-ай» деген әнді айтайын деп тұрмын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Елшібаева.