Ремикс кең тарала бастаған тұста, Saint Jhn Иманбекке хабарласып, алғысын білдірген
Қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов және оның продюсері Кирилл Dzham ENERGY радиосына сұқбат беріп, жаңа ән қашан шығатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстандық музыканттың ENERGY радиосына келіп, сұқбат беруі кездейсоқ емес, себебі дәл осы радиоарнада «Roses» әнінің ремиксі алғаш рет эфирге жіберілген болатын.
2020 жылдың қараша айында Ақсу тұрғыны Иманбек «Roses» әніне жазылған ремиксі «Грэммиге» ұсынылды. Күні кеше Иманбек RAC, Morgan Page, Louie Vega және Haywyre сияқты ремиксерлерді басып озып, музыка саласындағы ең жоғарғы марапатты жеңіп алды. Бұл барлық қазақстандықтарды қуантқан ерекше тосынсый болды.
«Roses» – Зейкеновтың шығарған жалғыз туындысы емес, одан бөлек Дитер Болен, Ашер, Дэвид Гетта сияқты танымал әншілердің әндеріне жаңа өң берген. Ал танымалдылыққа жол салған «Roses» әніне ремиксті Иманбек екі жарым сағатта жазғанын айтады.
Ән орындаушысы Saint Jhn «Roses» әніне ремикс жасалғанынан хабарсыз болған. Себебі Зейкенов онымен әлеуметтік желі арқылы хабарласқысы келген, бірақ байланыса алмаған. Дегенмен ремикс кең тарала бастаған тұста, Saint Jhn Иманбекке хабарласып, алғысын білдірген.
Эфир соңында Иманбек пен Кирилл алдағы сәуір айында жаңа ән шығатынын мәлімдеді. Шон Пол (Грэмми иегері -2004) және Латын Америкасының әншісі София Рейеспен бірге «Dancing on dangerous» атты жаңа трек жазылғанын айтты және ол 9 сәуірде тыңдарман назарына ұсынылмақ.
Айта кету керек, Иманбек – «Грэмми» сыйлығына ие болған алғашқы қазақстандық музыкант.