Кеште елімізге белгілі дәстүрлі әншілер өнер көрсетті
Ұлттық өнерге өлшеусіз үлес қосқан әнші, сазгер, күйші Манарбек Ержановтың 120 жылдығына орай Алматыда «Ән Сұңқар» атты концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Біраз жылдар бойы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының белді солисі болған әншінің, Қазақстанның халық әртісінің қазақ ән мәдениетіндегі орны өзгеше. Іс-шара лекция-концерт түрінде өткізілді. Кеште елімізге белгілі дәстүрлі әншілер өнер көрсетті.
«Әкем қазақ опера театрының бірден-бір негізін қалаған адам. «Қыз Жібек» операсында Шегенің рөлін сомдады. Халық оны халық әншісі ретінде кеңірек таниды. Өйткені ол Әміре Қашаубаевтың шәкірті болған», – деді М.Ержановтың қызы Гаухар Манарбекқызы.
Дарынды сазгер 150-ден аса ән мен күй шығарған. «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Абай», «Біржан-Сара» операларында ойнап, актерлік шеберлігімен де танымал болды.
«Манарбек ағамыздың қыр-сырын көрсету үшін, оның өмірін көрермендерге көрсету үшін сол кісінің образын барынша қамтуды жөн көрдік», – деді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филормониясының директоры Серік Нұрмолдаев.
«М. Ержанов атамыз жайлы айтылатын әңгіме көп. Ол кісілердің өткен өмірін, елге сіңірген еңбегін, жалпы өнерпаздығын зерттеу керек», – деді ҚР еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев.