Алматыда халықаралық ұйымның мерейтойына арналған мәдениет күндері өтіп жатыр
«Туымыздың түсі түрлі болғанымен, түбіріміз – бір». Еліміздің Мәдениет және Спорт министрі Асхат Оралов ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығына арналған гала-концертте осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда халықаралық ұйымның мерейтойына арналған мәдениет күндері өтіп жатыр.
Биыл түркі елі үшін айрықша болмақ. Себебі бауырлас мемлекеттердің арасындағы мәдени-рухани көпірге айналған ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығы. Мәдени астанада ұйым өкілдерінің қатысуымен мерейтойға арналған ауқымды гала-концерт өтті.
«30 жыл уақыт ішінде беделді ұйым бірлігімізді бекемдейтін көптеген іске көшбасшылық етіп келеді. Әдебиетіміздің әлеуетін арттырып, мәдениетіміздің мәртебесін көтеретін небір жоба ТҮРКСОЙ аясында қолға алынды. Былтыр Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Самарқан қаласында өткен түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге шақырғанын білесіздер», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Халықаралық ұйымның бас хатшысы Сұлтан Раев құттықтауын қазақ тілінде сөйледі. «Қасиетті қазақ жерінде өзге тілде сөйлегенім туыстығыма сын» деп сөз бастап, әлемдік дәрежеде іргелі істер атқарып жатқан ұйымның мақсаты ізгі екенін сөзіне арқау етті.
«Бүгін біз түркі дүниесінің алтын көпіріне айналған ТҮРКСОЙ ұйымының мерекесі қарсаңында, ең алдымен, осы ұйымды құру идеясын қолға алған, посткеңестік түркі елдеріне жаңа кезең, жаңа бағыт ашып берген, түркі дүниесі мәдениет байтағында бас қостырып, рухани алтын көпірімізге негіз салған қазақ еліне осы бастаманы жаңа деңгейге алып шыққан сіздерге алғысымды айтамын», – деді ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.
Мерекелік іс-шарада Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия мен Түрікменстанның өнерпаздары өнерін паш етті. Түркілік рухты қозғайтын қойылымдар қойылып, әндер шырқалды. Сонымен қатар түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұлғалардың есімі ұлықталды.
«ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығы болса, ол – мәні де, маңызы да зор ұйым. Өйткені иісі түркінің барлығының басын қосып, жүздестіруге жақындастыруға ең таптырмайтын, мұндай жиын бола бермейтін ғажап дүние», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.
Кешке Өзбекстан Республикасының мәдениет министрі, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Түркия елінің мәдениет вице-министерлері қатысты.
Халықаралық ұйымның құрылғанына 30 жыл толуына орай елімізде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылған еді. Ал бүгінгі ауқымды концерттің Алматыда өтуі бекер емес. Себебі мәдени астанамызда бүгінгі ТҮРКСОЙ ұйымының іргетасы қаланған еді.
Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы