Ұлттық академиялық кітапханада Мұқағали Мақатаев атындағы зал ашылды

16.11.2021 01:55

Зал қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің ұсынысы негізінде ашылып отыр

Almaty.tv

Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай Ұлттық академиялық кітапханада ақынның атындағы мәжіліс залы ашылды. Бұл – әдебиетіміз үшін ғана емес, тұтас руханиятымыз үшін атаулы дата, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Зал қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің ұсынысы негізінде ашылып отыр. Ғасыр ақыны, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев атындағы Мәжіліс залын ашудағы негізгі мақсат – қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан ақынның мол мұрасын насихаттау, жастардың бойындағы талантын ашу, ғылыми ізденіске бейімдеу.  

«Мен әдебиетшімін ғой. Басқасын қайдам, қазақта туған жер, Отан, өзінің туған халқы, ана тілі туралы Мұқағалидан озып жазған ақын жоқ. Менің ұғымымда Мұқағали өлең жазбаған, ол кісіге өлең қонған. Өлең қонған адам. Өзі бір сөзінде «Маған өлең аққудың қанатындай сезіледі» деп айтқан ғой. Ол кісіге өлең құстың қанатымен келген», – деді ҚР мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.