Өнердің Махамбеті: Тұңғышбай Жаманқұлов 75 жасқа толды

30.11.2023 01:56

Актерді Мемлекет басшысы құттықтап, арнайы хат жолдады

Almaty.tv

Қазақстанның халық әртісі, «Өнердің Махамбеті» атанған актер Тұңғышбай Жаманқұлов 75 жасқа толды. Алматыда театр саңлағының туған күніне орай шығармашылық кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жарты ғасырдан астам уақыт сахнадан қол үзбеген актердің концерттік бағдарламасына әріптестері мен замандастары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері арнайы қонаққа келді. Ол – Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» сынды қойылымдарында өз кейіпкерін шебер сомдаған дарынды тұлға. Театрдағы режиссерлік жұмыстары да жетерлік. Қазақ киносында да өзіндік қолтаңбасы бар.

Саналы ғұмырын қазақ мәдениетінің дамуына арнаған азамат соңғы 45 жылдан бері шәкірт дайындап, білгенін кейінгілерге үйретіп келеді. Бүгінгі мерейтой кешінде артынан ерген ізбасарлары да өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Актерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, арнайы хат жолдады. Оны Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы оқып берді.

– Елеулі еңбек жолыңызда мәдениет саласының жаңа белеске көтерлуіне күш-қайратыңызды арнап келесіз. Табиғи дарыныңыз, еңбек сүйгіш қасиетіңіз және тынымсыз ізденісіңіздің арқасында өмірдегі биік асуларды бағындыра білдіңіз, – деді ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.

Оқи отырыңыз: Әуезов мұражайына 60 жыл толды