Алматының Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында симфониялық концерт өтеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Музыкалық кештің авторы – жаһан жұртына жақсы таныс композитор әрі пианист Рахат – Би Әбдісағин
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық академиялық музыка әлемінде жаңа бастама! Алматының Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында симфониялық концерт өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Музыкалық кештің авторы – жаһан жұртына жақсы таныс композитор әрі пианист Рахат – Би Әбдісағин.

Музыка әлемінде, әсіресе симфониялық музыкада авторлық кеш өткізу – сирек құбылыс. Ал заманауи академиялық кеш – тіптен бөлек әңгіме. Алматы жұрты жақында осы айрықша концерттің куәсі болмақ. Оның ерекшелігі – автордың жаңа композиторлық техникаларды қолдана отырып, орындаудың тың тәсілдерін ұсынуында.

«Бұл концерт заманауи академиялық музыканың дамып жатқанына дәлел. 6 туындыны орындаймын, оның әрқайсысы ерекше әсер береді. Заманауи музыкадан Алматыдағы айрықша концерт, дегенмен бұл әлі бастамасы ғана», – деді композитор Рахат-Би Әбдісағин

Концертте рояль мен органда ойнайтын Рахат-Биден бөлек, Байқадамов атындағы хор капелласы мен Қазақстанның мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі өнер көрсетеді. Тұғыры биік өнердің бағасын білетіндер үшін шетелден келер қонақтар да үлкен сый болмақ. Мәселен, қос ғасырда құнды еңбек қалдырған британдық дирижер Клемент Пауэр арнайы келді.

«Мен Қазақстаннан, мұндағы оркестрдің жұмысынан ләззат аламын. Расында Рахат-Бидің өнері үшін келдім. Заманауи академиялық музыканы жастардың дамытып, жаңа белеске көтеріп жатқаны ұнайды. Бұл концертте тылсым күш бар, комбинация көрініп тұр», – деді дирижер Клемент Пауэр.

«Концертті өзім жүргіземін. Жүргізе отырып, әр туындының сырын ашамын. Бірнеше аспапта жеке орындауларым да болады. Ал бұл - қазақстандық оркестрдің заманауи музыкамен алғашқы қауышуы», – деді композитор Рахат-Би Әбдісағин. . 

Әлемдік аренада өнерімен атағы шыққан отандық композитор Рахат-Би Әбдісағин қала жұртына тамыздың 28-і концерт қояды. Биік өнердің ұсынарын қалың көпшілік Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда тамашалай алады.

Мадина Оқас, Салтанат Нұрғалиева, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров