Батыр бабамыздың қайраткерлігіне арналған мол мұраны зиялы қауым өкілдері талқылады
Алматы қаласы Мәдениет басқармасының бастауымен «Киелі жолдың иесі – Райымбек...» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Батыр бабамыздың қайраткерлігіне арналған мол мұраны талқылауға арналған дөңгелек үстелге келген зиялы қауым өкілдері өзара ой қозғады. Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан бастаған бір топ зиялы қауым бұл кітапқа ерекше баға беріп отыр. Ал аталмыш мәдени мұраның жарыққа шығуына үлес қосып, материалдар жинап, редакторлық еткен ақын Ержан Алаштуған бұл кітаптың басты ерекшеліктеріне тоқталды.
«Бұл жобаның үйлестірушісі – Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Музейлер бірлестігі. Райымбек бабамыздың және оның замандастарының жүріп өткен жерлерінен түсірілім жасалды. Ғылыми дәлелденген, іргетасы берік, мықты дүниелер қоса жарияланды», – деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі Ержан Алаштуған.
Батырдың бастан кешкенін тарихи суреттермен сәндеп, оны заманға сай өңдеп шығарған бұл кітаптың лентасын кескен қонақтар ішінен Алматы қаласы Мәдениет басқармасының бастығы Ғани Айдарұлы алғы сөз алып, барлық атсалысқан арда азаматтарға ыстық ықыласын жеткізді. Тарихтан түрен тартқан бұл туындыға демеушілік еткен меценат Айнұр Аралбайқызы дәл осы кітапқа үлес қосқанын мақтан тұтады.
«98-ші жылдары Райымбек бабамыздың басына барған едім, сонда жеке басыма байланысты бір оқиға болып, ол кісі маған аян берген болатын. Содан кейін өзімді жақы сезініп кеттім. Жалпы, мен әруаққа сенетін адаммын. Әрине, әуелі Құдай екені рас», – деді қоғам қайраткері, меценат Айнұр Аралбайқызы.