Алматыда дарынды балалардың концерті өтті

27.04.2022 02:00

Іс-шараға 200-ден астам оқушы қатысты

Almaty.tv

Бүгін Алматыда Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаты тәрбиеленушілерінің есептік гала концерті өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Іс-шараға 200-ден астам оқушы қатысып, дүйім жұртқа өз өнерлерін паш етті. Шығармашылық жолда жүрген жас таланттар халықтық және симфониялық оркестрмен ұлттық, әлемдік классикалардан сыр шертіп, көрерменді таңдай қақтырды.

«Балалардың өнерін халыққа көрсеткенімізге қуаныштымыз. Өйткені соңғы концерт 2019 жылы 2,5 жыл бұрын болған екен. Дегенмен балалардың жетістігі көп», – деді А. Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінің директоры Нұркен Әшіров.

Аталмыш концерт «Балалар жылы» аясында өтті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да жас өнерпаздардың талантын ашу үшін халықаралық конкурстар өткізуді жоспарлап отыр. Себебі мұндағы әр баланың арманы биік, мақсаты айқын.  

«Болашақ арманым – қазақтың өнерін күллі әлемге таныту. Осы мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп, қазақтың өнерін әлемге танытқым келеді», – деді жас өнерпаз Нұрдәулет Әбдіқадіров.