31 қазанға дейін жалғасатын бұл көрме Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде өтуде
Алматыда соғыс жылдарындағы қаламыздың бейнесін қағазға түсірген «Владимир Стерлигов пен Татьяна Глебованың графикасы. Алматы кезеңі» атты жеке коллекциялық көрме ашылды. Автономиялық бейкоммерциялық «Диалог культур» ұйымы және «Жауһар» картиналар галереясының қолдауымен 9 қазаннан бастап 31 қазанға дейін жалғасатын бұл көрме Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде өтуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қылқалам шеберлері Ресей елінің тумалары болғанымен, соғыс жылдары Алматыда бірнеше жыл өмір сүрген. Тағдыр тәлкегін тартқан ерлі-зайыптылар үшін Алматы «өмірлерінің жұмақта өткен бөлігі» іспетті екен.
«Владимир Стерлигов пен Татьяна Глебованың есімдері біз үшін маңызды, өйткені олардың тағдырлары Алматы қаласымен байланысты. Олар ¬– соғыс жылдарындағы қаланың жадын сақтап қалғандар. Бізге олардың шығармашылығын көрсету өте маңызды болып көрінді. Көрмеге келгендер бұл жұмыстардан керемет көріністерді, атмосфераны, табиғатты тамашалай алады. Суреттерде бәрі жанға жайлы, жылы. Ал, дәл сол уақытта басқа жерлерде соғыс болып жатқанын ескерсек, Алматыда бейбіт өмір болғанын байқаймыз», - деді Автономиялық бейкоммерциялық «Диалог культур» ұйымының арт-директоры Мақбал МУСИНА.
Өнерінде өзіндік техниканы қалыптастырған суретшілердің жұмыстары Алматы қаласының сұлулығын акварель, жай қалам және графика түрінде бейнелеген. Тек бір ғана "Тау пейзажы" суреті майлы бояумен салынған. Әрбір суретті тамашалаған көрермендердің көз алдына Алматының таныс бейнелері елестейді. Айта кетейін, Татьяна Глебованың соғыс жылдарындағы ашаршылықты да бейнелеген суреттері Ресейдегі көрмелерде сақтаулы.