Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» картинасы «Оскар» киножүлдесінің «Шет тіліндегі үздік фильм» санатына ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлемдегі кино саласындағы ең беделді сыйлықтардың біріне үмітті туынды – отандық кинорежиссердің 9-шы толықметражды көркем фильмі.
Картинаның әлемдік премьерасы былтырғы жылы 77-ші Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» конкурстық бағдарламасында өтті. Кейінірек туынды бірқатар фестивальдерге қатысып, көптеген марапаттарға ие болды.
Фильм – қылмысқа әбден кәніккен жас жігіт пен түзу жолдан адасқан қыздың махаббаты туралы.
Айта кетейік, «Оскар» номинанттарының тізімін жариялау келер жылдың 8 ақпанында, ал марапаттау рәсімі 27 наурызда өтеді.