Әлемдік премьера Алматыға келді! Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында жаһан жұртының назарын аударған симфонияның тұсаукесері өтті. «Марсқа сапар» деп аталған халықаралық деңгейдегі мәдени жоба тың әдістерді тұңғыш рет қолданып, әлемдік жаңашылдық орнатты. Көпшілік көз тіккен премьераның Қазақстанның мәдени астанасы Алматыда өтуі де атап өтерлік жайт, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алғашында премьера Біріккен Араб Әмірлігінде өтеді деп жоспарланыпты. Оған басты себеп – «Марсқа сапар» мәдени жобасын бірнеше мемлекеттің композиторлары бірігіп жазған еді. Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Тунис, Үндістан және Біріккен Араб Әмірлігі өнерпаздарының басын қосқан кештің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – белгілі скрипкашы, Алматы қаласының тумасы Марат Бисенғалиев. Әлемге әйгілі виртуоздың арнайы келгенін өнерсүйер көпшілік те қуана қабылдады. Әрі аталған симфония тұсаукесерінің дәл Алматыда өтуі де шаһардың шырайы мен әлемдік сахнадағы мәртебесін асқақтата түскендей.
«Мына премьераның ашылуы ғана емес, музыкалық жанрлардың, музыкалық эффектілердің жаңалығы деп айтсақ болады. Себебі, мына жақта музыкалық жанр деп отырғаным, төрт композитор бір симфонияны жазды дегеннің өзі бұл үлкен жаңалық музыка әлемінде. Ал екінші жаңалығымыз, біз алғашқы болып әлем бойынша квадроэффект дегенді қолданайын деп жатырмыз», – деді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Серік Нұрмолдаев.
Ал әлемдік өнер әлеміндегі виртуоз дәл осы іс-шараның өзі туған ару Алматыда өткеніне қуанышты. Жаһан композиторларының шығармашылығынан шыққан дүние бүгін мәдени астананың аспанында қалықтайды дейді скрипкашы.
«Егер сіз бүгінгі симфонияны әлеуметтік желіден немесе телеарна арқылы көретін болсаңыз, біздің әлем бойынша алғашқы боп қолданған эффектімізді байқай алмайсыз. Бұл ғажайыпты құлақпен естіп, жүрекпен сезіну керек. Сондықтан да «Марстағы миссия» деп атап отырмыз. Бұл расында, аса ғажап дүние болады», – дейді виртуоз-скрипкашы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиев.
Санитарлық талаптар ескерілген кеште қонақтардың арақашықтық сақтауы концертті қоюшыларға да аса тиімді болды. Себебі, квадроэффект, яғни ауада әуеннің қалықтауы тікелей залдағы құрылымға қатысты еді. Ал бас дирижер Марат Бисенғалиевтің музыканы көрермендерге қарап сүйемелдеуі де симфониялық премьерадағы ерекшеліктердің бірі болды. Әр өнерпаз айрықша үлес қосқан музыкалық туындыға дайындалу, әрине, қиынға соқпады.
«Бұл жерде кәсіби мамандар жұмыс істеп жатыр. Оларды еш үйретіп отырудың қажеті жоқ, бәрі симфониялық оркестрде еңбек еткен, консерватория бітірген, Тү Жүргенов академиясында оқыған кәсіби мамандар. Сондықтан партитура береді, оны тез жаттайды. Әркімнің өз көркемдік жетекшісі қарап отырады», – деді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы Меруерт Мүсірәлі.
«Марсқа сапар». Таңғажайып музыкалық кештің бұлай деп аталуының да өзіндік себебі бар. Ол қазіргі таңда қызыл планетаның аумағында айналып жүрген Аль-Амаль спутнигімен байланыстырылып қойылған. Биыл оның ұшқанына 50 жыл толып отыр.
«Марсқа барып келгендей сезім алдық. Біздің елімізде алғаш рет болып тұрғанына өте қуаныштымыз», – дейді қала тұрғыны Шыңғыс Ахат.
«Қандай бағыт болмасын, бәрінің басты қаңқасы классика ғой. Бәрі де классикадан тарайды. Сондықтан ерекше көңіл күймен шығып тұрмын», – дейді актер, әнші Дидар Кәден.
«Қазақтың әні, үлкен бір дүниесі жатыр. Сондықтан да, сол дүниені көрермендермен бөлісуге келдім», – дейді актер Нұрсұлтан Жақсыген.
Музыкалық бағдарламаның екінші бөлігінде тыңдарманға әйгілі ағылшын композиторы Карл Дженкинстің туындылары ұсынылды. Сондай-ақ, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен халық әндері де орындалды.
Айта кетейік, аталмыш әлемдік кеш тікелей Алматы қаласы әкімдігі, сондай-ақ, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының қолдауымен өтіп отыр.
Мадина Оқас, Жасұлан Өмірзақов, Медет Саматұлы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы