«Дала сыры» деп халық әртісінің төл туындысымен аталған мәдени кеште «Отырар сазы» оркестрі өнер көрсетті
Көрнекті композитор Кенжебек Күмісбековтің туғанына 95 жыл толуына орай Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Дала сыры» деп халық әртісінің төл туындысымен аталған мәдени кеште «Отырар сазы» оркестрі өнер көрсетті. Күмбірлеген күйден бөлек, көпшілікке Кенжебек Күмісбековтің композиторлығымен жазылған бірқатар әнді тыңдаудың да реті түсті.
«Құрманғазы оркестрінде ол кісінің 4-5 концертке жететін шғармалары бар. «Отырар сазының» өзінде ол кісінің Нұрағамен бірге жазып, оркестрге лайықтап берген шығармалары репертуарымызды кеңейтті», - дейді дирижер, Қр еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендік.
Концерттің «Дала сыры» деп аталуы да тегін емес. Композитордың халық музыкасын көркем өнермен ұштастырған бұл симфониялық дастаны оның шоқтығы биік шығармаларының бірі саналады. Көзі тірісінде замандастары «Қазақтың Бетховені» деп атап кеткен өнер иесінің есімі осылайша кеше тағы бір мәрте жаңғырды.
«Сыдық Мұхамеджанов, бәрі замандас болған. Соның ішіндегі бірегейі еді. Оның, Кенжебек Күмісбековтің ерекшелігі – ол ұлттық нақышты бойына молынан сіңірген адам», - деді композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов.