Қазақстанда театр және опера өнері қалай дамып келеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Астана опера басшылығы халықтың өнерге деген қызығушылығы жыл сайын артқанын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда бас, драмалық тенор және меццо-сопрано дауыс жетпейді. Соның кесірінен біздің елдің опера театрлары арнайы партия үшін әртістерді шетелден алдырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алты жылдан бері  29 жастағы Назым Сағынтай «Астана операда» ән шырқап жүр. Әнші «халықтың өнер түріне қызығушылығы күн сайын артып келеді» дейді. Әр қойылым мен туындыны ерекше күтіп, хабарласатын көрермендер де көптеп кездеседі. Әртістің айтуынша, «Астана опера» ұжымы шетелге жиі шығады. Өзге елдің халқы қазақ операсына қызығатыны сонша, зал лық толады. Назым Сағынтай шетелдік әріптестерімен жиі тәжірибе алмасып тұратынын айтты.      

– Әлем бойынша операның отаны – Италия. Италиядан басқа шет мемлекеттерден коучтар, мұғалімдер көп келеді. Ол кісілерден үйренетініміз көп. Әр елдегі әншілердің ерекшелігі бар, – деді «Астана опера» театрының солисі Назым Сағынтай.

«Астана Опера» театры директорының орынбасары Айжан Құрманғалиеваның айтуынша, елде опера әншілерін, балет бишілерін дайындайтын жоғарғы оқу орындары жетіп артылады. Бәсекелестік те өте жоғары. Ал бәсекелестік бар жерде, сапа да жоғары болатынын білеміз. Оның үстіне опера әншілері Еуропада, мұхиттың арғы жағына жиі шығып, тағылымдамадан өтеді.

– Мемлекет тарапынан тиісті деңгейде қолдау көріп отырмыз. Жастарды шетелде тәжірибе жинауға жібереміз. Түрлі бағдарлама бойынша оқытамыз. Барлығын мемлекет қаржыландырады. Одан бөлек, әртістер шетелде өтетін ауқымды фестивальдерде өнер көрсетуге шақырту алып жатады. Осының барлығы Қазақстандағы опера өнерінің қаншалықты биік деңгейге жеткенін көрсетіп тұр. Негізі бас, драмалық тенор және меццо-сопрано дауысы тапшы. Бірақ бұл – әлемдік тәжірибе. Мұндай дауыстар өте сирек кездеседі. Кейде бір партия үшін осындай дауыс иелерін шақырып тұрамыз, – деді «Астана опера» театры директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева.

«Астана опера» басшылығы халықтың өнерге деген қызығушылығы жыл сайын артқанын айттты. Мәселен, аталған театрға жыл сайын 100 мыңнан көп көрермен келеді.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров