Күш атасы Қажымұқан бейнеленген 14 сурет халық назарына ұсынылды

12.06.2021 02:10

Алаштың маңдайына біткен асыл азамат

el.kz

Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының алашқа әйгілі портретін салған суретші тарихи тұлғаның 150 жылдық мерейтойында өз туындыларының көрмесін ұйымдастырды. Шараға асыл азаматтың жолын жалғаған нар тұлғалар қатысып, тұсауын кесті. Тарихи деректерге сүйеніп, біртуар азаматтың келбетін құрастырған суретшінің басты тақырыбы Қажымұқанға арналуының себебі неде? Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай айтсын.

Жауырыны жерге тимеген Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы ел аузындағы аңыздар оның заңғарлығына мысал болса, күш атасының ірі денелі алып болғанын суретші Еркін Қайшыбектің туындылары дәлелдейді. Дәл сондай тарихи тұлға бейнеленген 14 сурет халық назарына ұсынылып, салтанатты түрде тұсауы кесілді.  

«Өміріміздің әр саласында биікке жеткен қазақ азаматтарын өсіп келе жатқан жастарымызға насихат ретінде осындай көрме арқылы жеткізуіміз керек. Бұл көрменің орны бөлек. Көрмені басқа облыс орталығында, Нұр-Сұлтан қаласындағы мұражайда, Алматы қаласындағы мұражайда өткізіп, жастарымызбен көбірек таныстыра білуіміз керек», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Тұрлыханов.

Қазақстан суретшілер одағының мүшесі шығармашылық жолға бет бұрмай тұрып, Кеңес үкіметі тұсында грек-рим күресінде жүлделі орындарға ие болған. «Спорт шебері» атағы да бар. Алайда кейін «Көркем сурет – графика» факультетіне оқуға тапсырып, суретшілік жолына бастау алады.

«Қажымұқанның бейнесін салуға түрткі болған осы күш атасы Қажымұқан. Осы кісінің күші, әсіресе, рухани байлығы, осының барлығы маған әсер етіп отыр. Осы Қажымұқан арқылы қазіргі өсіп келе жатқан жастарға үлкен тәлім-тәрбие беретін бір шығармашылықтың бір түрі деп есептеймін», – деді ҚР Суретшілер одағының мүшесі Еркін Қайшыбек.

Алаштың маңдайына біткен асыл азаматтың жарыстағы жеңістерінен, марапаттарынан, жалпы сәулелі ғұмырынан сыр шертетін туындылар бүгінде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттің қабырғаларына ілінді. Соның арасында көзге оттай басылған Қажымұқанның әйгілі портреті де бар.

Дәл осы портретте заңғар тұлғамыз Қажымұқан Мұңайтпасұлының батырлығы, батылдығы, тік мінезі суреттелген. Автордың айтуынша, бала күнінен күш атасын пір тұтып, қаламына қалау, жанына жалау еткен. Ал бүгінде дәл осы сурет қазақ халқының тарихында Қажымұқандай алып тұлға болғанының дәлеліне айналды.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы қарға тамырлы қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой палуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, қазақтың атын әлемге паш етті. Өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, дүниежүзін көрді. Намыс пен қайсарлықтың тәрбиесін кейінгі ұрпаққа мұра қылды.

Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы