Ulytau тобы Башқұртстандағы VI Дүниежүзілік фольклориадада өнер көрсетті

almaty.tv
almaty.tv
«Фольклорлар олимпиадасы» аталып кеткен халықаралық іс-шара 37 мемлекеттен келген 2700 өнерпаздың басын қосты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің танымал Ulytau этно-рок тобы Башқұртстандағы VI Дүниежүзілік фольклориадада өнер көрсетті. Қазақтың бар болмысы мен руханиятын дүйім жұртқа паш еткен отандастарымыз ең басты сахнада 1 сағаттан аса уақыт ұлттық аспаптарда ойнап, жиналған көрермендерді тәнті еткен. Бүкіл әлемде «Фольклорлар олимпиадасы» аталып кеткен бұл шараға 37 мемлекеттен 2700 өнерпаз қатысып, 22 алаңда түрлі дүбірлі концерттер ұйымдастырды. Мәдени жаңалыққа Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт шолу жасайды.

«Фольклорлар олимпиадасы» аталып кеткен халықаралық іс-шара биыл VI мәрте Башқұртстанда ұйымдастырылып, 37 мемлекеттен келген 2700 өнерпаздың басын қосты. Әлемнің әр бұрышынан жиылғандар 22 концерт алаңдарында ұлттық киімдерін киіп, түрлі әндер мен билер орындап, өзара достық қарым-қатынас орнатты. Өз кезегінде Қазақстанның атынан қатысқан «Ұлытау» этно-рок тобы негізгі сахнада 1 сағаттан аса репертуарларындағы туындыларымен көпті тәнті етті.  

«Әрине, біздің репертуарымызда көпшілік сүйіп тыңдайтын шығармалар көп. Бірақ, бұл фольклоридаға бұрындары орындамаған, ойнамаған жаңа туындыларымызды да дайындап келдік», – деді Ulytau этно-рок тобының музыканттары.

«Осы әлемдік деңгейдегі фольклориаданың осы Башқұртстанда, Уфа қаласында өтіп жатқаны өте орынды. Себебі Башқұртстан, әсіресе Уфа қаласы Еуразияның жүрегі саналады. Сол үшін біздің ұлтқа, қазақ еліне өте жақын, бауырмал. Тілі жағынан, діні жағынан, барлық жағынан. Сол үшін біз өте қуаныштымыз», – деді Ulytau этно-рок тобының музыканттары.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы халықаралық деңгейдегі фольклорида «Еуровидение-2021» байқауынан кейінгі ауқымды шара екен. Ал ашылу салтанатын Сочидегі Олимпиада ойындарын ұйымдастырған мамандар жасапты. Мәдени шараға  Австрия, АҚШ, Панама, Мексика, Қазақстан, Үндістан, Белоруссиядан келген таланттардан бөлек, саяхаттап жүрген туристер де қатысқан.

«Шынымды айтсам, өте ризамыз! 5 жыл бойы бұл іс-шараны ұйымдастыруда көп күш жұмсадық. Бұл жолы да Башқұртстанның басшысы және министрлерімен тығыз байланыста болып, бәрін ойдағыдай өткізуге тырыстық. Қазір Уфада мен өзімді екінші үйіме келгендей сезінемін», – деді CIOFF(R)-INTERNATIONAL президенті Филипп Боссан.

Айта кетейік, бұл жолы Башқұртстанда өткен фольклориадада бірден екі әлемдік рекорд орнаған. Алғаш рет 71 ұлт өкілдерінің қатысуымен бейбітшіліктің белгісі ретінде дөңгелек би мен шеру орындалып, халықтар достығының символына айналды. Жаһанды дүр сілкіндірген пандемияға қарамастан, мәдени шара барлық санитариялық талапқа сай ұйымдастырылды дейді жауаптылар.  

«Ресей мемлекетіне шетел азаматтарының кіруі қатаң қадағаланып, толық тексеруден өтеді. Әр қатысушы үшін шекарадан өтуге рұқсатты Ресей Федерациясының жедел штабынан алдық және әр азаматқа 8 бетпердеден 1 миллионнан аса маска дайындадық», – деді «Фольклориада 2021» өткізу жөніндегі атқарушы директоры Артур Алибаков.

Бүкіләлемдік сахнада ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен қазақ халқының рухын паш еткен Ulytau тобынан өзге, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ән және би ансамблі де өнер көрсетті. Олар халық және әскери шығармаларды, сондай-ақ, әлем елдерінің билері мен әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров