Алматыда көрнекті ақын Қанипа Бұғыбаеваны еске алу кеші өтті

19.03.2022 02:28

Көпшілік назарына «Қанипа-Ғұмыр» атты шағын деректі фильм ұсынылды

Almaty.tv

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп, жыр әлемінің шоқ жұлдызына айналған көрнекті ақын Қанипа Бұғыбаеваның туғанына 80 жыл толуына орай Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде «Найзағай бұтағына қонақтады» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алдымен көпшілік назарына «Қанипа-Ғұмыр» атты шағын деректі фильм ұсынылды. Ал ақынның замандастары мен көзін көрген әріптестері өз естеліктерін бөлісіп, өлеңдерін оқыды.  

«Мінеки, біздер аңқылдап, ештеңені көп ойға алмай жүрген кезде анамыздың да 80 жылдығы келіп қалған екен. Бұл жөнінде тек мен еске алып жатқан жоқпын. Қазақ қоғамы да еске алып, кейде маған қоңырау шалып, анаң 80-ге келіп жатыр ғой деген ойлар салады. Мені құлақтандырады. Сондай бір күндері мен ұрпағы ретінде анамыздың 80 жылдығын атап өтуіміз керек қой деп ойландым. О бастан өнер жолында жүргендіктен, менің осы шараның басы қасында жүруім заңдылық деп ойлаймын», - деді күйші, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Талап Қараш.

Көзі тірісінде «Қазақтың Қанипасы» атанған ақын әлемі де өз құндылықтарын бойына жасырған асыл қазыналарымыздың бірі болып қала бермек. Болашақ ұрпақтың, өлеңсүйгіш жұртшылықтың ақын рухы алдындағы парызы да осылай болса керек. Жиналғандардың сөзі осы.  

«Қанипа Бұғыбаева – қазақ поэзиясының өзінің қолтаңбасымен келген ақын. Қанипа Бұғыбаеваның өлеңдерін оқып, санамызды сараптайтын болсақ, ол кісіде әлемдік деңгейдегі үлкен үлгіде жазылған, миллиондардың жүрегіне жеткен, үлгі тұтатын өлеңдер аз емес», - деді ақын, ҚР Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Қасымхан Бегманов.

«Алдыңғы толқын аға-әпкелеріміз болғаннан кейін Қанипа апамыздың әдебиеттегі, жалпы мәдениеттегі келбетіне сүйсініп өскен інілерінің бірімін. 80 жылдығын атап өтге мұрындық болған перзенттеріне риза болып отырмын», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері Байғали Есенәлиев.