Цирктің 1768 орны түгел көпбалалы отбасылар мен балалар үйінің тәрбиленушілері, мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына берілді
Жыл сайын жаңа жылға санаулы күн қалғанда, желтоқсан айының ортасында Қазақ мемлекеттік циркі жаңа қойылымдарымен балаларды қуантады. Биыл да «Щелкунчик және Мышильда» атты жаңажылдық бағдарламасымен цирксүйер қауымды жинаған Қазақ мемлекеттік циркінің қойылымы көпшіліктің көңілінен шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Амадей Гофманның «Щелкунчик және Тышқан патшасы» ертегі желісі бойынша арнайы қойылымын, Дроссельмейер, Щелкунчик, Мари, Фриц, Мышильда, Тышқан патшасы, Аяз ата, Ақшақар секілді кейіпкерлермен қоса, әуе гимнастары, акробаттар, эквилибристер және түрлі үйретілген жануарлар қойылымның сәнін келтіре түсті. Сондай-ақ Мәскеу қаласының Үлкен Мәскеу циркінен арнайы келген белгілі клоунесса Оксана Нескладнаяның ең эксклюзивті репризалары циркке келген кішкентайлармен қоса, үлкендердің де зор қошеметіне ие болды.
Айта кетер жайт 17 желтоқсан күнгі Қазақ мемлекеттік циркінің жаңа жылдық алғашқы қойылымы қайырымдылық мақсатында қойылып отыр. Яғни цирктің 1768 орынының барлығы қайырымдылық қоры арқылы көпбалалы отбасылар мен балалар үйінің балаларына, мүмкіндігі шектеулі балалар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына арналып отыр. Жыл сайын ең алдымен алғашқы қойылымды арнайы қайырымдылық мақсатында қою Қазақ мемлекеттік циркінің әдетіне айналғанын баса айта кеткен жөн.
Бағдарламаны үлкен көлемді лазерлік шоу әрлендіріп, балаларды цирктің сиқырлы әлеміне жетектей түсті. Сондай-ақ «Белдіктегі әуе гимнастары» нөмірінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Құрманғали Досбатыров және жас 4 жасар дебютант, әуе гимнасты, Досбатыровтар цирк әулетінің өкілі Данат Досбатыров; «Номад» Атты-акробатикалық номерінің артисі Марйам Сатаева; Халықаралық цирк өнері фестивальдердің лауреаттары және жеңімпаздары «Орыс таяқшасы»; Халықаралық цирк өнері фестивальдердің лауреаты мен жеңімпазы, әуе гимнасты Анастасия Демидова секілді әртістер көпшілік көңілінен шықты! Балалардың мәз-мейрам болып, цирк өнерпаздарының өнеріне қуана қол соғуына қарап-ақ цирктің бала үшін қаншалықты маңызды екеніне көзіміз жетті. Қойылым соңында цирк директоры Бақыт Бөкебаев ағамыздан да аз-кем сұхбат алған едік.
«Қазақ мемлекеттік циркінде 17 желтоқсан мен 12 қаңтар аралығында арнайы жаңа жылдық қойылым өтеді. Келер жыл Тышқан жылы болғандықтан «Щелкунчик және Тышқан патшасы» ертегі желісі бойынша дайындалдық. Өз әртістерімізбен бірге Мәскеу циркінен арнайы клоун алдырып отырмыз. Бүгінде клоун мәселесі өте қиын болып тұр. Цирк көрермендерінің көңілінен шығу үшін алғашқы бестікке кіретін, Оксана Нескладнаяны арнайы Мәскеуден алдырдық. Ол көрермендерімізге бір ай бойына өнер көрсетеді», - деді «Қазақ мемлекеттік циркі» КМҚК-ның директоры, көркемдік жетекшісі Бақыт БӨКЕБАЕВ.