Тауман Амандосовтың 100 жылдығы: ҚазҰУ-да халықаралық жиын өтті

27.11.2021 02:52

Онлайн және офлайн түрде өткен шараға Т. Амандосовтың көзін көрген тұлғалар қатысты

Almaty.tv

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессор Тауман Амандосовтың 100 жылдығына арналған «Журналистика, баспа ісі және медиа дизайн бүгінгі трендтер» тақырыбында халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аталмыш шара онлайн және офлайн форматта өткізілді. Шараға тау тұлғалы Тауман Амандосовтың көзін көрген Намазалы Омашев, Дандай Ысқақұлы, Өмірхан Әбдіманұлы, Бауыржан Жақып, Амантай Шәріп сынды біртуар азаматтар қатысты.

«Тауман Салықбайұлы Амандосов – қалың қазақ арасында, жалпы, республикамызда алатын орны ерекше, сіңірген еңбегі мол тұлға. Ол кісінің алғаш көрген кездегі тұлғасы көз алдымызда қалып қойды. Шындығында, Тауман десе Тауман еді. Тау адам сияқты болатын. Сол кісінің мимикасыменен, ізетімен тәрбиелендік. Біз одан жаман болғанымыз жоқ. Сондықтан біз ол кісіге қарыздармыз», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті ЮНЕСКО кафедрасының профессоры Намазалы Омашев.

Конференцияға Zoom платформасы арқылы алыс-жақын шетелдердегі бірқатар көрнекті тұлға қатысты. Қазақ журналистикасы теориясының негізін салған көрнекті ғалымның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында сондай-ақ «Амандосов» байқауының жеңімпаздары да анықталды.  

«Мен Тауман Салықбайұлы Амандосов атындағы байқауға қатысып, «Ғылым» аталымын жеңіп алдым. Өте қуаныштымын. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса деген тілегім бар. Бұл болашақ қазақ журналистикасының дамуына өте көп үлесін қосатын, жас ғалымдарды даярлауға жақсы мектеп болады деп ойлаймын», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің магистранты Алмабек Ибрайымов.